Елордадағы Абу-Даби Плаза сауда орталығындағы вакциналау бекетінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының бір топ әртісі вакцина алды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астанадағы Абу-Даби Плаза сауда орталығында коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Бүгін солардың арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының ұжымы да бар. Өнер саласының өкілдерін театр директоры Асхат Маемиров бастап келіпті.
«Бүгін ерекше күн. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрындағы әріптестерімізбен бірге Абу-Даби Плаза кешенінде вакцина алдық. «Спутник V» деген вакцинаны алуды дұрыс деп ұйғардық. Біз көрермендермен тікелей жұмыс істейміз, халықтың ортасында жүреміз. Сондықтан әртістерге, өнер адамдарына міндетті түрде сақтану керек», - дейді театр басшысы.
Ол, сондай-ақ, «Спутник V» вакцинасының тиімділігі туралы достары мен әріптестерінен естігенін айтады. Сол ақпараттың шындығына іс жүзінде көз жеткізген театр өкілі қазақстандықтарды вакцина лауға шақырды.
«Қазір ғана алып шықтым. Ешқандай жан ауыртатындай, тәнді ауыртатындай әсерін байқаған жоқпын. Изариль, АҚШ, Ұлбыритания сияқты өркениетті елдердің көбі вакцина алуда алға шығып жатыр. Өз кезегінде мен де отандастарымды вакцина алуға шақырамын. Өткен ғасырлардың басында да осындай індет тараған кездер болған. Соның бәрін адамзат әр түрлі вакциналарды ойлап тауып, жеңіп отырған. Менің ұғымымда пандемия кезінде ұлтты, елді, мемлекетті сақтаудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Өзім бір жыл бұрын осы коронавируспен қатты ауырып жазылғанмын. Сондықтан, биыл екінші рет қайталанбауы үшін екінші рет екпе салдырып жатырмын», - деді Асхат Маемиров.
Осы театрдың жетекші актері, танымал кино актері Асылхан Төлепов те «Спутник V» вакцинасын таңдағанын айтты.
«Бүгін мен үшін расымен ерекше күн. Өйткені мен өзім таңдау жасап, вакцина аламын деген шешімге келдім. Денсаулық керек, күтіну керек. Айналамызға да біздің қауіпсіз болғанымыз қажет. Әрбір іске сын айтпас бұрын, бірінші өзіңді түзеу керек қой. Отбасы мүшелерінің арасында ең бірінші мен бастап тұрмын. Мамандардан кеңес алдым, бәрін түсіндірді. Жаңа екпе салған мамандар да вакцинадан кейін үші күн жуынбау керек деген сияқты ережелерін айтып жатыр», - дейді актер.
Асылханның ойынша, вакцина алу туралы шешімді әркім өзі қабылдауы керек. Өйткені ақпарат неғұрлым көп болса, оның өтірік-шынын екшеу де соғырлым қиын.
«Әзірге вакцинаның ешқандай кері әсерін сезген жоқпын. Енді екінші дозаны күтеу керек. Бір жыл бұрын дәм сезбей, коронавирустың белгілерін ағзамнан байқаған болатынмын. Вакцина туралы ақпарат көп қой. Түрлі видео келіп жатады. Оның бәрін көретін уақыт та жоқ. Біреудің сөзіне қарап шешім қабылдауға болмайды деп ойлаймын. Сондықтан өзіме вакцина алу керек деп шештім. Өйткені денсаулық керек, өзімізді де, жақындарымызды да күту д осыдан басталады. Болашақты ойлау керек. Сол үшін вакцина алдым», деп толықтырды актер.
Осы театрдың тағы бір актері Ермахан Аймахан да вакицна алған кезде ешқандай ауырсыну сезбегенін айтады.
«Әркімге денсаулық керек. Сондықтан өз еркімізбен алғызып жатырмыз. Мен де отбасымда вакцина алған бірінші адаммын. Менде вакцина алуым керек деген ой болды. Сол ойды іске асырдым. Күмәнданған сәттер болған емес. Бәрімізге өз денсаулығымыз үшін вакцина алу керек деп ойлаймын», - дейді Ермахан.
Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының магистранты, елордадағы музыкалық жас көрермен театрында режисердің асситенті ретінде тәжірибе жинақтап жүрген Мекан Жұмабаев вакцина аул туралы көптен бері ойлап жүрсе де, бұған дейін уақыы болмағанын айтады.
«Вакцинағ алуға қашан уақыт шығар екен деп күтіп жүргеніме біраз болды. Бүгін сәті келіпті. Ұжымдағы әріптестеріммен бірге келгеніміз де дұрыс болған сияқты. Ешқандай әсер байқаған жоқпын. Қалыпты жағдайдағыдай сезімдемін. Өйткені іштей дайын болып келдім. Мемлекет өз халқына ешқашан жамандық жасамайтынын білеміз ғой. Мынандай күрделі кезеңле тәртіпке бағынуымыз керек. Түрлі видеолар шығыпты деп естимін. Соның көбі мені айналып өткен сияқты. Соған қарағанда көңілінде күдігі бар адамдар сондай ақпараттарды өздері іздеп табатын сияқты ғой. Ондай шыққан жері белгісіз дүниелерге аса мән бермеймін. Коронавируспен өзі ауырмасама да, жақындарым, таныстарым ауырды. Ішінде дүниеден өтіп кеткендері де бар», - дейді жас маман.