Ashyq.kz сайтында бір күнде үйінде отырып өз мәртебесін тексеретіндер арасында «қызыл» статусы бар 7,7 мың адам тіркеледі. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева аталған жобаның статистикасына сүйеніп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ірі сауда нысандарының Ashyq жүйесіне қосылуы карантин талабын бұзатындардың анықталуына септігін тигізуде.
«Бір айда «қызыл» статусы бар карантин талабын бұзушылар саны күніне 184-тен 1916-ға артты, яғни 10 есеге көп», - деп жазды Ю.Якупбаева Facebook-те.
«Атамекен» өкілі Ashyq-та өз мәртебеңді көру үшін үйден шығудың қажеті жоқтығын еске салды.
«Ashyq.kz сайты бар. Соның көмегімен күн сайын 100 мыңнан астам адам өз статусын онлайн тексеріп жатыр. Күніне осы сайтта «қызыл» мәртебесі бар 7700-ден астам азамат тіркеледі», - деді ол.
Сондай-ақ оның сөзінше, бүгінде Ashyq жобасына қатысатын сауда нысандарының саны 4 есеге артып, 88 570-ке жетті.
«Егер бұған дейін жобаға қатысушылар арасында қоғамдық тамақтану нысандары көп екендігін айтсақ, ендігіде сауда кәсіпорындарының үлкен сегменті еніп отыр.
Ел бойынша 700-ден астам ірі сауда орталығы мен жабық базарлар Ashyq қатысушылары. Яғни егер сауда, ойын-сауық орталығында орташа 300 арендатор (2 есе көп те болады) болса, онда жобаның сауда нысандарын қамтуы 200 мыңнан асып жығылғанын айта аламыз», - деп қосты Ю.Якупбаева.