27 шіл, 2020 сағат 14:56

АШМ: Республикада азық-түлік тауарларының 708,5 мың тонна қоры бар

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бойынша тапшылық жоқтығын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Короновирус індеті еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, оның ішінде халықты уақтылы және тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ету – қазіргі кезде ең негізгі мәселенің бірі екенін көрсетіп берді. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігімен құрамына әлеуметтік маңызы бар 32 азық-түлік тауары бойынша (қой еті, шұжық өнімдері, жылқы еті, консервілер (ет-өсімдік), қияр, бұрыш, азық-түліктік бидай, салқындатылған және мұздатылған балық, асхана қызылшасы, шошқа еті, қызанақ, сарымсақ, алма) өңірлерге мониторинг жүргізіледі», - деді Нұрбек Дайырбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, өңірлердің жедел деректеріне сәйкес 24 шілдеде республикада 708,5 мың тонна азық-түлік тауарларының қоры жинақталған. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 33,1 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда 209,5 мың тонна, қоймаларда 154,6 мың тонна, сауда желілерінде 311,4 мың тонна азық-түлік орналастырылған. Бұдан басқа 404 млн дана жұмыртқа және 2,1 млн тонна азық-түлік бидай сақталған.

«Қолда бар өнім қорлары - тез бұзылатын өнімдер бойынша қорлар бір аптаға, басқалары бойынша бірнеше айға дейін құрайтынын көрсетеді. Азық-түлік өндірісі тоқтатылмайды. Қорлар үнемі жаңартылып, толықтырылып отыратынын атап өткен жөн. Сондықтан олар бойынша тапшылық жоқ», - деді ол.