14 қыр, 2017 сағат 11:00

«Ашаршылық» тарихи драмасын түсіруге 38 мың қазақстандықтың көмегі керек

«Ашаршылық» тарихи драмасын түсіруге қазақстандықтардан 38 млн теңге қаражат қажет. Бұл туралы бүгін фильм түсірушілермен өткен баспасөз мәслихатында «Старт тайм» краудфандинг платформасының жобалар бойынша директоры Әзиза Өтегенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Бүгін Алматы қаласында «MG production» кинокомпаниясы «Старт тайм» краудфандинг платформасымен бірлесе отырып «Ашаршылық» тарихи драмасын түсіру жұмыстарын бастайтынын мәлім етті. Фильм 1931-1933 жылдар аралығында қазақ халқының басынан өткен ашаршылық тақырыбына арналмақ. 

«Бұл фильмді түсіруге 1 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет. Ол қаражаттың жартысын еуропалық кино қоры бергелі отыр. «MG production» кинокомпаниясы да өз күшін, техникалық мүмкіндігін береді. Ал, халықтан, краудфандинг арқылы қажет соманың 10 пайызын ғана жинамақпыз. Нақтырақ айтқанда, біз халықтан 38 млн теңге жинауымыз қажет. Қаржы жинау акциясы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. 38 мың қазақстандық 1 000 теңгеден көмектессе, сол қаржыны жинай аламыз. Бұл - үлкен асар. Тарихымыз үшін барлығымыз бірігіп көмектесейік. Көмектескен қазақстандыққа цифрлық форматтағы диск беріледі», - деді Әзиза Өтегенова.

«Ашаршылық» фильмінің сценарисі Марина Кунарованың айтуынша, фильмді түсіру жұмыстары қараша айында басталмақ.

«Фильм Қазақстан аумағында түсіріледі. Түсірілім қыс мезгілінде жүруі керек. Фильм 2017 жылдың қараша айында басталып, 2018 жылдың ақпан айында аяқталады. 2018 жылдың күзінде әлемдік прокатқа шығады. Фильмнің ұзақтығы - 103 минут. Еуропалықтар сценариймен танысып шыққаннан кейін бірден қолдау білдірді», - деді Марина Кунарева.

Еске сала кетейік, Қазақстанда алғаш рет краудфандинг арқылы «Қазақ елі» тарихи киносына қаражат жинау жүргізілген болатын. Онда қазақстандықтар 1,3 млн теңге жинады.