Оқытушы мамандығымен көзге түскен Асан Жолдасов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атану қоғам алдында үлкен жауапкершілікті жүктейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл жоба бірегей әрі қызықты деп санаймын. Жеңімпаз атанғаннан кейін менің өмірімде елеулі өзгерістер болды. Менің ойымша, бұл қызықты жоба аясында көптеген дарынды адамдарды табуға мүмкіндік бар. Негізгі, жоба аясында қоғам алдындағы өзіңнің жауапкершілігіңді сезінесің. Сонымен қатар, өзінің қоғамға қаншалықты қомақты пайда келтіре алатыныңды басқа да жас ұстаздарға көрсете аласың», - деді А. Жолдасов.
Осы орайда ол Жастар жылы кезінде мұғалімдерге ерекше назар аударылып отырғанын, бұл тұрғыда педагогтарға қатысты елеулі өзгерістер жасалып жатқанын атап өтті.
«Жобада жеңімпаз атану - біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, «100 жаңа есім» жобасында іріктелген азаматтармен тәжірибе алмасу нәтижесінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі бар.
«Жеке өзіме қатысты айтатын болсам, көптеген өзгерістер болды. Бірінші кезекте, Қазақстан ұстаздарының қоғамдастығы үшін үлкен жауапкершілікті сезініп отырмын. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстандағы мұғалімдер арасында нәзік жандардың үлесі басым. Осы орайда мектепте ер азаматтар да көбірек болғаны дұрыс. Жалпы, білім саласына оңтайлы өзгерістер енгізуге ниетті жастар санының арта түсуіне ықпал ете алатынымызға үміттімін», - деді,
Айта кетейік, «Қоғам» бағытында математик, бағдарламашы және оқытушы Асан Жолдасов 15 757 дауыспен жеңімпаз атанды. Асан Жолдасов оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысқан және 19 жасында өз мектебін ашқан. Оқытудың арнайы әдістемесін жасап, «Пифагор» мектебін үлкен компанияға айналдырған. Осылайша, 10 жылда 10 мыңнан астам баланың математикаға қызығушылығын оятқан.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылдың 1 қазанынан бастап 100janaesim.ruh.kz сайтында «Қазақстанның 2019 жылғы 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы» жобасына өтінімдер қабылдау басталады.