Фото: Ашық дереккөз
Әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы жазушының ұлы Едіге Мағауи Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның сөзінше, қаламгер АҚШ-та қайтыс болған.
«Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», - делінген жазбада.
Сондай-ақ ол жазушының шығармасынан үзінді келтірген.
«Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!» Мұхтар Мағауин, "Көлме-көл". Толық шығармалар жинағы, 26-шы том.
Мұхтар Мағауин еңбектері
Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.
1940 жылы 29 қаңтарда (құжат бойынша 2 ақпан) Семей облысының Шбартау ауданы (Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз), Шыңғыстаудың күнгей етегі, Бақанас өзенінің бойындағы ата жұрты Көпбейіт-Босаға деген қоныста, ауыл мұғалімінің отбасында туған.
Жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік қызметі жиырма жасынан басталады. Алғашқы әңгімелерінен-ақ үлкен көркемдік биікке жетеді. Алайда, көп ұзамай, жиырма бес жасында әдебиет тарихшысы ретінде атаққа шығады: Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасы – ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған, бұл кезде мүлде дерлік ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген еді. Бұдан соңғы кезеңде ғылымнан қол үзбесе де, көркем прозаға біржола бет қойыпты. Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазады. Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған. Соңғы жылдарда Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізді. Мұхтар Мағауиннің алпыс жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері бүгінде толық жиырма жеті том болып тұр.
2006-2015 жылдары Чех республикасына қоныстанып, Прага, Карловы Вары аймағында өмір сүрді. 2015 жылдың шілде айында Америкаға түпкілікті қоныс аударған.
Шығармашылығы
Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984 – 86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыс- та, 1988 – 2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).
Негізгі шығармаларының хронолгиясы:
Қобыз сарыны. XV–XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары. Монография. А., «Жазушы», 1969;
Көк мұнар. Роман. А., «Жазушы», 1972;
Бір атаның балалары. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1974;
Көк кептер. Повестер мен әңгімелер. А., «Жазушы», 1979;
Аласапыран. Тарихи роман. Бірінші кітап. А., «Жалын», 1983;
Шоқан Шері. «Известия», 1993;
Ғасырлар бедері. «Ер Дәулет», 1994;
Мен. Роман-дилогия. «Гауһар», 1998.
Тасқа басылған қолжазбалар. «Қағанат», 1999;
Шыңғыс ханның шарапаты. «Ильдан», 2003;
«Лиесма», 1981 (латыш тілінде);
Гибель борзого. Повести и рассказы. М., «Советский писатель», 1978;
М., «Русская речь», 2003;
Поэты Казахстана. М., «Советский писатель», 1978;
Змеиное лето. Повесть. М., «Советский писатель», 1984;
Голубое марево. Роман, повести, рассказы. М., «Известия», 1985;
Вешние снега. Роман-дилогия. М., «Советский писатель», 1990;
Кобыз «колье». А., «Мектеп», 2003.
Он үш томдық шығармалар жинағы. «Қанағат», 2002;
Шыңғыс ханның шарапаты. А., 2003;
Қобыз. «Колье». А., 2003;
«Жармақ» романы. 2007 ;
«Әрқилы әңгімелер», «Талайсыз әңгімелер» топтамалары, 2007-2008;
«Шыңғыс хан және оның заманы», тарихи деректі тетралогия. 2008, қараша - 2015, қараша;
«Естеліктер кітабы»: «Ілияс аға Есенберлин», «Әбіш екеуіміз», және басқа жазбалар, 2016-2017;
«Естеліктер кітабының» жаңа тараулары, 2018;
Шығармаларының жиырма бес томдық «Толық жинағын» баспаға әзірлеу, 2019.
Көңіл айту
Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
– Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.
Моңғолиядағы қазақ ақыны, журналист Сұраған Рахметұлы бара қазаққа көңіл айта отырып, Мағауинмен бірге өткізген сапарын еске алды.
"Қазақ даласының ғайпи асылы, санасы асқар биік, қайраулы алдаспаны Мұхтар Мағауин ағам дүниеден көшіпті!
Не айтармыз?!
Бір дәуірдің ауыр жүгін түгел көтерген, руханиятын еңсерген түб сананың шүңетіне қарай биіктен түпсіз тереңге шөгіп барады. Қамқалы жер ұйықтың әппақ мұнарын айқара жамылған боз мұнар (Мағауин) ағам көз алдыма келді.
Моңғол даласын аралаған 15 күндік сапарға қайтара бір сүңгіп шықтым!
Он бес күн Мағауиннің өсиетін сіңірген бейғажайып сәтке!?
Түсіне қып-қызыл нарт таулар енетін ерен ағамның маған ескерткендері есімде қалды!
Ел жұртқа қайғыра көңіл айтамын!" деп жазды ақын.
Фейсбук әлеуметтік желісінде көңіл айтып, естелік жазушылардың да саны артты. Соның бірнешеуін келтірсек, ақын Ұлықбек Есдәулет:
"Ұлты алдындағы ұлы парызын орындап өткен классик жазушы Мұхтар Мағауин ағамыздың нұры пейіште шалқысын!" - деп жазды.
Жазушы, журналист Дәурен Қуат қаламгердің тағдырын әдебиеттегі суреттеулермен келдірді.
"Айсбергтерге апай төсін ұрса да сынбаған, қирамаған, күйремеген қазақ әдебиетінің алып кемесі мұхит кешкен ұзақ сапарын аяқтапты. Алдынан жарылқасын!
Алапаты асқан ұлы бабалары сияқты енді ол да ұлы аруақтар әлемінен барып жай тапты" -деп жазды жазушы.
Ал дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі құлағанын құлази отырып жазған екен.
"Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі құлады. Алаш сөзінің иесі еді. Жер түбінде, сонау Америкада дүниеден өтіпті. Түйсігі бар қазаққа бұл ауыр сын. Маған қазақтың сөзі Қазақстанға сыймай, өгейлік көргенінен, еріксіз мұхит асып, құса болып өлгендей көрініп отыр. Енді қара тұтар кіміміз бар? Кімді ес көреміз? Бақұл бол, Мұхтар аға! Қош, ұлы жазушы!" -деп жазды Ерлан Төлеутай.
Ақбота Мұсабекқызы