25 мау, 2019 сағат 08:50

Арыстағы жарылыстар кезінде адасқан кішкентай қыздың ата-анасы табылды

Арыстағы жарылыстар кезінде адасып қалған кішкентай қыздың ата-анасы табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқамановқа сілтеме жасап.

«Адасқан қызымыз табылды. Ол - Аяла Оразхан. Шешесі эвакуацияланған жерінен - Сарыағаштан жетті. Тағы бір отбасы түгел болды. Біздің штаб күні бойы оған құдды полктің қызындай қамқорлық жасады», - деп жазды С.Қалқаманов Facebook-те.

Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Арыстағы жарылыс кезінде біршама бала ата-анасынан адасып қалғанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Түркістан облысының әкімдігі әрбір баланы суретке түсіріп, әкімдіктің сайтына шығару туралы шешім қабылдаған.

Кеше түн ортасына қарай Арыстағы жарылыстар кезінде адасқан 177 бала ата-анасымен қауышқаны хабарланды.

Артынша ҚР Білім және ғылым министрлігі 945 баланың туыс-туғандарына тапсырылғанын ресми мәлім етті.

ҚР Ішкі істер министрлігінің 26 маусым күнгі дерегіне сәйкес, барлық сәби ата-анасының қолына жетті.

ҚР БҒМ ақпаратынша, төтенше жағдай бойынша облыстық штаб құрылып, тұрғындарды басқа жерлерге орналастыратын 48 орталық ашылды.  Жалпы, Арыс қаласы мен ауылдарда 40 мектеп (18399 бала), 50 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс атқарады (5071 бала). Қауіпті аймақта 13 мектеп (11377 бала), 6 мемлекеттік, 23 жекеменшік балабақша (3278 бала) орналасқан. Олардағы балалардың барлығы қауіпсіз жерлерге көшірілді», - делінген министрлік ақпаратында.