24 мау, 2019 сағат 14:33

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендердің саны 40 адамнан асты

Шымкент денсаулық сақтау басқармасы Арыс қаласындағы жарылыстан кейін медициналық көмекке жүгінген зардап шегушілер туралы хабарлады, деп жазады Sputnik.

"Арыстағы төтенше оқиға кезінде зардап шеккен отыз төрт адам Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Әр түрлі жарақат алған тағы 12 адам Шымкент қаласының № 1 ауруханасына өздері келді, олардың арасында бес бала бар", - деп ақпарат берді ведомствоның баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер кішкентай науқастарды қарап шыққаннан кейін облыстық балалар ауруханасына жіберді. №1 қалалық ауруханасының жан сақтау бөлімінде бір адам жатыр. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Айта кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында жарылыс болды. Бірнеше өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желілер құрды. Көп ұзамай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия Арыстағы әскери бөлімге аттанды. Жағдайдың ауқымымен танысқан өңір әкімі Арыс тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті тұрғындар қайда және қалай эвакуацияланып жатқанын хабарлады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.

Кейін хабарланғандай, оқиға орнына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ұшып шықты.