02 шіл, 2020 сағат 08:14

Арыста карантинге қарамастан құдалық өткізген мейрамхана әшкере болды

Түркістан облысы полицейлері карантин талаптарын сақтамай, құдалық өткізуге рұқсат берген мейрамхананы анықтады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түркістан облысында инфекциялық ауруларды жұқтырған науқастар саны азаймай тұр. Сондықтан өңірде карантин режимі жағдай тұрақтанғанша жалғасады. Түркістан облысы бас санитар дәрігерінің шешіміне сәйкес, шектеу шаралары қайта күшейтілген.

Осыған орай Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты барлық полиция бөлім, басқарма қызметкерлері адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар, базар, кафелерде түсіндірме жұмысын жүргізуде. Арнайы көлікпен көше-көшені аралап, қауіпсіздік шараларының, арақашықтықтың сақталуын ескертіп жүр.

Алайда, айтылған ескертулерге қарамастан, талапқа бағынбайтын ұйымдар да жоқ емес. Сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынған нысандарды бақылап, рейд жүргізу кезінде жергілікті полиция қызметінің инспекторлары Арыс қаласы көшелерінің бірінде орналасқан мейрамхананың жұмыс істеп, ішінде адамдар топтасып, құдалық өткізіп жатқанын анықтады. Осы заңсыздық бойынша қажетті материалдар жинақталып, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына жіберілді. Бұдан кейінгі күндері де полицейлер кәсіпкерлерге карантинге байланысты шектеулерді ескеруін қадағалап, рейдті үздіксіз ұйымдастырып отырады.