26 мау, 2019 сағат 11:18

Арыста қанша жарылыс болды - Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев Арыста шамамен қанша жарылыстың болғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әртүрлі бағалау бойынша 30-ға тарта... Бірақ, ол жерде ешкім нақты санаған жоқ. Бірақ, ол жердегі қанша оқ-дәрігерлің сақталғанын ескере отырып, 40-50-ден кем болмайтын жарылыстың болғанын болжап отырмыз», - деді Тимур Дандыбаев ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Арыстағы апат элементтері бейнеленген әртүрлі сипаттағы ақпараттық ағын жүріп жатыр.

«Ол қоймада артиллериялық оқ-дәрілер, реактивті оқ-дәрілер, белсенді зымыранды снарядтар мен гранатометтар сақталған. 1-3 оқ-дәрінің ұшу ұзақтығы - артиллериялық немесе гранатометтік болсын - 200 метрдей болған. Яғни, әскери бөлім аумағын алған. Тек реактивті снарядтар ұшу ұзақтығы жағынан 20 шақырымға дейін шырқап кеткен. Бірақ, ол снарядтар жарылмай, металл заттар күйінде жан-жаққа шашыраған. Алайда жерге түскен кезде адамдарды жаралап, тіпті өлтіріп кетуге әбден қауқарлы еді. Мәселен, қайтыс болған азамат дәл осындай жарылыстың эпицентрінде қалған», - деді спикер.

Сондай-ақ, ол стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаға байланысты жауапкершілікті біреуге артып қоюды ойлап отырған жоқпыз. Десе де, болған жағдайға шынайы баға берілуі тиіс. Біз арсенал неліктен тұрғын үй кешеніне жақын орналастырылған деп айтпауымыз керек. Тұрғын үй кешендерінің кеңейіп, өскені соншалық - 1930 жылдардан бергі арсеналға жақындап кеткені ескерілуі тиіс», - деді Тимур Дандыбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол өз сөзінде аталмыш арсенал Совет одағы кезінде нақты стратегиялық маңызға ие болғанын тілге тиек етті.

«Бірақ, ол кезде Арыс шағын ғана ауыл болатын. Қандай да бір төніп тұрған қауіп те жоқ еді. Уақыт өтті, өмір өзгерді. Елді мекен кеңейе келе стратегиялық нысанға жақындады. Біз бұл мәселе туралы бірнеше мәрте ескертіп, тиісті ұсыныстарды берген болатынбыз. Бірақ, айналып келгенде мұның бәрі әлеуметтік мәселелерге байланысты болды. Яғни, халықты ол жерден көшіріп, қауіпсіз жерге орналастыру - белгілі бір қиындықты, әсіресе қаржылық-экономикалық күрделілікті тудыратын еді. Осыған байланысты комиссия істің ақ-қарасын ажыратар. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алады», - деді Тимур Дандыбаев.