14 қар, 2022 сағат 09:27

Арнайы операция: Кәсіпкерлерді бопсалаған қылмыстық топ ұсталды - видео


ІІМ Ақмола облысының кәсіпкерлерінен ақша бопсалаған ҰҚТ қызметінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері Ақмола облысындағы арнайы операция нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топтың 6 мүшесін ұстады. Топ мүшелерінің жасы 26-дан 32 жасқа дейін.

Ұсталғандардың қоқан-лоқы көрсетіп, күш қолдану арқылы жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 2,5 миллион теңге бопсалап, оның Subaru Outback автокөлігін тартып алғаны анықталды. Бүгінде ұсталғандардың облыс аумағында бірқатар ұқсас қылмысқа қатысы бар екені анықталған.

Жедел ақпарат бойынша, бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілер "ұрылар идеологиясын" ұстанып, оны жастар арасында насихаттаған. Сондай-ақ, топ мүшелері қару қолданып, ақша бопсалаған. Олар талап қою үшін жалған сылтауларды қолданған.

Тінту барысында олардан жәбірленушілерді қорқыту үшін қолданылған есірткі, суық және атыс қаруы тәркіленді.

Осы деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі "Бопсалау" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.