03 қыр, 2020 сағат 20:50

Археологтар ШҚО-дағы Елеке сазынан 850 алтын бұйым тапты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары археолог әрі профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Елеке сазынан сақ қоғамының билеушісіне тиесілі ат-әбзелдерін тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған 850 алтын бұйымның барлығы салтанатты ат шеруіне арналған. Ғалымдардың бағамдауынша, қазына орта сақ дәуіріне тиесілі. Шамамен біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардың еншісіндегі жәдігерлер. 

«Қазынаны қорғанның өзінен тапқан жоқпыз. Бұл көсемнің зираты құлшылық орны екенінен хабар береді. Көсем қайтыс болған соң осы аумақ киелі орын деп саналып, оған келген халық ата-баба рухына сыйынған. Сақтар мен кейінгі түрік тайпаларында осындай дәстүр болған. Соған байланысты біз мұнда ел билеген көсем жерленді деген тұжырым жасадық», - деді Әбдеш Төлеубаев. 

Табылған артефактілерден сақ қоғамы бай мен кедей деп топқа бөлінгенін аңғаруға болады. Ғалымдардың пікірінше, үлкен құлақты жолбарыс-пантера үлгісінде жасалған алқа ерекше қызығушылық тудырады. Мифологиялық жануардың аяғына ілінген қоңырау да бар. Сондай-ақ ғалымдарды екі шынжыр сымдағы ақық тастары бар алқа қызықтырды. 

«Ежелгі шеберлер бірін-бірі қайталамағаны көрініп тұр. Әрбір шебердің өзіндік қолтаңбасы байқалады. Барлық табылған зат мұқият жасалған. Ат-әбзелдерінің дені жұқа фольгадан әзірленген. Алтыннан тығыздалып жасалған ат-әбзелдерін бұған дейін кездестірген жоқпын», - деді Әбдеш Төлеубаев. 

Тағы бір ерекше дүниенің бірі – мысық тұқымдастарға жататын мифологиялық құлақты жыртқыш аң бейнеленген алқа. Айта кетейік, Тарбағатай жерін мекендеген сақтардың бұл қолөнерлері біздің дәуірімізге дейінгі V- IV ғасырларға тиесілі. Табылған жәдігерлердің ерекшелігі – сапасы мен бір-біріне ұқсамайтындығында жатыр. 

Сондай-ақ археолог қорғаннан 50 метр жерде қола мен алтын құятын ұстахана табылғанын атап өтті. Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, табылған жәдігерлер – бұл зерттеу жұмыстарының бастапқы нәтижесі ғана. Өйткені археологтардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жетерлік. Таяу арада олар 4 кіші қорғанды зерттеуге кіріседі.