«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында әйгілі Қалмаққырылған аумағында кешенді археологиялық-этнографиялық зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
XVIII ғасырдағы қанды шайқасқа куә болған аумақтағы зерттеу жұмыстары 1 тамызда басталыпты.
Павлодар облысының Май ауданында орналасқан аумақта «Қазақстан археологиялық қоғамы» қоғамдық ұйымының басшысы Виктор Мерц бастаған зерттеушілер жұмыс істеп жатыр.
Қалмаққырылған таулары бір жағынан бүкіл Сарыарқаның тағдырын шешкен атышулы шайқастың орны болса, екінші жағынан ұлттық мұраны бойына жасырған табиғи ескерткіш деуге болады. Нысан аумағында қола және ерте темір дәуірінің ескерткіштері бар. Виктор Мерц ол ескерткішті 2008 жылы да зерттеген. Ескерткіш қола және ерте темір дәуіріндегі Солтүстік-Шығыс Сарыарқа көшпелілерінің жерлеу рәсімдерінен хабар береді.
8 тамыз күні бұл маңға Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық орталық пен С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының қатысуымен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған экспедиция ұйымдастырылған. Экспедиция кезінде Қалмаққырылған тауларынан жерлеу рәсімін еске салатын көптеген белгілер табылып, жартастағы жазулар анықталды. Ғалымдар Әулиеүңгірді зерттеп, «Қызқұлаған», «Гаухар биігі», «Бас малай», «Орта Малай», «Кіші Малай», «Қарнақ» және басқа да көптеген аңыз-дастандарды қағазға түсірген. Қалмаққырылған таулары мен Түндік өзенінің аралығындағы топноимикалық атаулар да ғалымдардың зерттеу нысанына айналмақ.