
Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының басшылық құрамымен кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кеңес барысында Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығы туралы айтты. Онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілгенін ескертті.
«Прокуратура органдарына жыл сайын тұрғындардан өте көп арыз-шағым келіп түседі. Соңғы үш жылдың ішінде 650 мыңға жуық шағым берілген. Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шағымдарына нақты әрі түсінікті жауап беру қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы прокуратура қызметінің маңызды бағытының бірі ретінде ықтимал әлеуметтік наразылық ошақтарымен тиімді жұмыс жүргізу екенін айтты.
Президент бақылаушы орган түрлі әлеуметтік қақтығыстардың деструктивті әлеуетін төмендету үшін алдын-алу шараларын қабылдауы керек, сондай-ақ, уақытылы төленбейтін жалақыларды, заңсыз қысқартуларды және еңбек қатынастарындағы басқа да жағымсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесуі керек деп санайды.
«Өткен жылдың өзінде ғана сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың арқасында 29 мың қызметкердің жалақыдан қарыз болған 2,7 миллиард теңге қаржысы төленді. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Әсіресе, кейбір кәсіпорындарда шиеленістің өршуі байқалады. Мұндай мәселелерде аймақтағы прокурорлар нақты позиция ұстанып, белсенді әрекеттерге баруы тиіс. Әр іс бойынша оңтайлы шешім шығарып, заң үстемдігіне қол жеткізу қажет. Менің тапсырмам бойынша қазір әкімдер осы мәселемен айналысып жатыр. Бұл жұмысқа прокуратура да араласуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
