Бразилияның Минас-Жерайс штатында аралардан қашып суға секірген 30 жастағы ер адамды пираньялар жеп қойды. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға Бразиландия-ди-Минас муниципалитетінде фермаға жақын маңдағы көлде болған. Үш дос көлде балық аулап жүргенде кенеттен аралар пайда болады. Қатты қорыққан олар көлге секіреді. Екеуі аман-есен жүзіп өтеді, ал үшіншісі суға бата бастайды. Өкінішке қарай, достары оған көмектесе алмайды. Жағаға аман-есен шыққан екеуі болған оқиғаны өрт сөндірушілерге айтып береді. Олар жағалаудан төрт метр жерден суға батқан жанның мәйітін табады. Судан шығарғанда балықтар оның оң жақ бетін және басқа да дене мүшелерін жеп қойғаны анықталды. Тергеу ер адамның неден қайтыс болғанын – пираньялардан немесе суға батқаннан мерт болғанын анықтайды. Оның денесі жерлеу үшін туыстарына берілді.
Пиранья – аузы үлкен және көптеген тістері бар кішкентай етқоректі балық. Бұлар топтасып жүреді. Негізінен оңтүстік жарты шарды мекендейді, алайда 2009 жылы пираньялар Англияның оңтүстік-батысында Девон өзенінен де табылды.