Қазақстанда өңірлердің пластикпен ластануын зерттейтін «Jasyl Arystan» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Jasyl Arystan» – жас жеке экологиялық ұйым. Мен және менің пікірлес достарым еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге белсенді қатысуды ұйғардық. Біздің түрлі салаларда тәжірибе мен біліміміз бар және біз үнемі қоршаған ортаны сақтауға қатысты мәселелерге тап боламыз, сондықтан бар күшімізді біріктіруді шештік. Қызметіміздің басты бағыттарының бірі – пластикалық бұйым тұтынуды азайту және пластикалық қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату бастамасы. «Пластиктен таза Қазақстан» жобасы аясында ғылыми тәсілдер мен әлемдік тәжірибелер көмегімен денсаулығымыз үшін аса қауіпті пластикалық қалдықтар мәселесін жеңе алатынымызға сенеміз», - деді «Jasyl Arystan» жеке қорының басқарма төрағасы Гүлнар Ережепова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Спикер соңғы уақытта адамзаттың пластмассаны тұтыну көлемі он есе артқанын атап өтті. Қазіргі уақытта әлемде жылына 400 млн тоннадан астам пластик өндіріледі.
1950-2018 жылдар арасында 8,5 миллиард тонна пластикалық бұйым өндірілген.
«Сарапшылардың айтуынша, қазір әлем бойынша барлық пластикалық қалдықтың 5-10% ғана қайта өңдеуге жіберіледі. 12% - өртеледі, 79% - күресінге және қоршаған ортаға тасталады. Пластикалық бұйымдардың ұзақ сақталатынын ескерсек (500 жылға дейін), бұл жағдайдың апаттық ауқымын байқауға болады. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Елорданы халық арасында «ұшатын пакеттер қаласы» деп атайды. Қазақстанда жылына 5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады, оның кемінде 11-15% пластмасса құрайды. Яғни, әрбір қазақстандық (жаңа туған нәрестені қоса алғанда) жылына шамамен 42 кг пластикті қоқысқа тастайды», - дейді Г. Ережепова.
Спикер барлық қоғамдық ұйымдарды, бей-жай қарамайтын азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
«Бұл - тек мемлекеттің немесе министрліктің мәселесі емес. Азаматтық қоғамның осы мәселені мемлекеттік органдармен бірге шешетін уақыты келді. Пластикпен ластану мәселелерін дұрыс шешу жолдарын тауып, жаңа деректер алу үшін биыл еліміздің барлық өңірлерінде пластикпен ластану бойынша зерттеу өткізуді жоспарлаймыз. Жұмыс барысында, мысалы, статистикалық талдау, көшпелі сараптамалар, халық сауалнамасы, пластикалық бұйымдардың өндірісін зерттеу, экономикалық және экологиялық зерттеулер сынды түрлі тәсілдер қолданылады. Бұл елімізде ластану мәселесінің ауқымын нақты бағалауға және шешімін табуға мүмкіндік береді», - деді Г. Ережепова.