07 қаз, 2024 сағат 14:43

Антикор елдегі спортты қаржыландыру мәселесін көтерді: 1,4 триллион жұмсалған

Фото: Pexels.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Оның нәтижесі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство мәліметінше, нәтижелер отандық спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге кедергі келтіретін жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін айғақтап отыр.

"Тек соңғы 6 жылда спорт саласын қаржыландыру шамамен 1,4 триллион теңгені құрады (2018 ж. – 165 млрд теңге, 2019 ж. – 204 млрд теңге, 2020 ж. – 177 млрд теңге, 2021 ж. – 223 млрд теңге, 2022 ж. – 296 млрд теңге, 2023 ж. – 340 млрд теңге). Бюджеттен ағымдағы және алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған.
Қазақстандық спортқа жоғары жетістіктердің ақшалай «құйылу» көлемі осы мақсаттарға бөлінетін Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджеттерінен бірнеше есе артық. Сонымен қатар, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте (2020 ж. – 83 орын (8 – қола), 2022 ж. – 0 медаль, 2024 ж. – 43 орын (1 – алтын, 3 – күміс, 3 – қола) және Дүниежүзілік спорт рейтингінде (2014 ж. – 25 орын,2018 ж. – 47 орын, 2023 ж. - 42 орын) төменгі орындарда", - делінген хабарда.


Себептердің бірі ретінде мемлекеттік қаражатты ұтымсыз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері негіз болып отырғаны айтылады.

Ведомство өкілдері қаржыландыруда теңгерімсіздікті сынаған. Отандық спортты дамытудың қолданыстағы саясаты отандық спортшыларды тиімді даярлауға бағытталмаған.

"Шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қол жеткізілген қысқа мерзімді жетістіктерге назар аударылады, ал жеке спорттық кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жеткіліксіз болып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдікті сатып алды, олардың әрқайсысы кейіннен өз еліне оралды. Көбінесе өз таланттарын тәрбиелеудің орнына ақша басқа елдердің ойыншыларына жұмсалады. Бұл спортты қаржыландырудағы айқын теңгерімсіздікпен расталады", - дейді ведомство өкілдері.


Мәселен, Қазақстанның бұқаралық спортқа жұмсаған шығыстары жоғары жетістіктер спортына қарағанда 9 есе аз (35 млрд теңгеге қарсы 340 млрд теңге).

Спортта неғұрлым табысты шет елдерде жоғары жетістіктер спортының негізі болып табылатын бұқаралық спортты қолдауға басымдық беріледі.

Мысалы, халқы аз Нидерландыда (17,8 миллион) бұқаралық спортқа жұмсалатын шығындар кәсіби спортқа (246 миллион доллар) қарағанда 2 есе көп (497 миллион доллар). Сонымен қатар, бұл елдің спортшылары Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп жатыр.

Нидерландымен салыстырғанда Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 3 есе көп, ал бұқаралық спортқа 7 есе аз жұмсайды.

Формальдық көрсеткіштер. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие.

Мысалы әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуі тиіс.

Спорттық ғимараттар мен нысандарда, сондай-ақ ашық жерлерде өткізілетін іс-шаралар осы іс-шараларда екі жүз және одан да көп көрерменнің бір мезгілде болуын болжайтынын ескере отырып, көрсеткіш анық көтерілген ("Дене шынықтыру туралы" Заңның 1-бабының 40-1-тармағы).

Бұлыңғыр басымдықтар. Жоғары жетістіктер спортында басым спорт түрлерінің болмауына байланысты танымал емес және нәтижесіз спорт түрлері қаржыландырылады.

2023 жылы спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль жоқ. 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өсті.

Мәселен, жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан 44 түрді, қысқы спорт түрлері бойынша – 13 түрді дамытады. Жоғары жетістіктер спортының қаржыландырылатын бағыттарының шамамен 60%-ы Олимпиадалық емес бағыттарға жатады - 84 (141-ден). Жыл сайын бұл түрлерді дамытуға – 18 млрд теңге жұмсалады (2023 жылы олимпиадалық түрлерге – 296 млрд теңге, олимпиадалық емес түрлерге - 18, өзге шығыстарға - 11 млрд теңге).Шетелде спорттың «нүктелік» бағыттарына басымдық беріледі (Ұлыбританияда жазғы Олимпиада ойындарының 19 түрі, Германияда – 18, Аустралияда – 12).

Қазіргі заманғы спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшыларды сапалы даярлау мүмкіндігін шектейді, дейді Антикор өкілдері. Бұл әсіресе спорттық нысандар жиі қол жетімді емес немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда болатын аймақтарда байқалады екен.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәдімгі жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығына бағытталған.

Ал еліміз бойынша 374,2 мың м2 жабық спорт ғимараттарының, 376,4 мың м2 бассейндердің тапшылығы байқалады (Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарындағы ең үлкен тапшылық).

Спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына спорттық ұйымдар легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған.

Мысалы ең қымбат "Астана" ФК (2018-2023 жылдары 50 млрд теңге, құрылтайшысы – Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің "Қазспортинвест" АҚ "Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры" корпоративтік қоры және ҰОК) өзінің футбол академиясы мен инфрақұрылымына ие емес.

6 жыл ішінде (2018-2023 жж.) клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсады.

Халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеудің болмауы. Жоғары жетістіктер спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге жоспарланған әзірлеу жүргізілген жоқ.

Нәтижесінде бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді, жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді.

Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді.

Аталған факторлардың салдарынан мұндай жағдай үлестес жеткізушілерді іріктеумен, оқу-жаттығу жиындары мен спорт объектілерін жалға алудың жалғандығымен, легионерлерге еңбекақыны асыра бағалаумен, қосарланған қаржыландырумен ұштасқан бюджет қаражатының бақылаусыз игерілуіне алып келді.

"Талдау қорытындысы бойынша спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортына бюджетті ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өз инфрақұрылымын және балалар академияларын дамыту, сондай-ақ цифрландыруды енгізу бойынша ұсынымдар енгізілді", - дейді Антикор өкілдері.