27 қыр, 2021 сағат 15:20

Әнші Jony Шымкентте концертінің тоқтатылғанына ашуланды


Шымкентте ресейлік танымал әнші Jony-дің концерті тоқтатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әншінің өзі бұл шешімге ашуланып, қала билігі жанкүйерлерге себебін айтуға да рұқсат бермегенін айтты.

"Заңға қарсы жүре алмаймыз. Қала билігі алдын ала келісілген концертті тоқтатып қана қоймай, сахнаға шығып, бұл туралы жұртшылыққа айтуға да мүмкіндік бермеді. Олар ақшасын жұмсап, концерке келді және не үшін болмай қалғанын білуге құқылы. "Шығып түсіндіріңіз" деудің орнына "тағы да сахынаға шықсаңыз, сізді қамауға аламыз" деді. Мен сияқты қылмыскер жоқ, қала тыныш деп үміттенемін. Айтпақшы бұл заң кеше қабылданған, ертең оның күші жойылады. Қызықты кездейсоқтық", - деп жазды Jony Instagram желісінде.

Шымкент қаласының әкімдігі санитарлық қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан концерт тоқтатылғанын хабарлады. Әкімдік өкілінің айтуынша, зал лық толы болған, көрермендер арақашықтықты сақтамаған және бетпердесіз жүрген.

Әнші - Jony Әзірбайжанның тумасы. Ол танымал әндерге кавер жазып, оларды парақшасына орналастыра бастағаннан кейін, көп ұзамай танылды.