29 қыр, 2021 сағат 18:05

Андрей Крюков Токиодағы сәтсіздікті спортшылардың «кәрілігімен» байланыстырды


Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен қазақстандық спортшылар Риодағы спортшылардан екі жасқа үлкен болды. Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков жазғы ойындардағы сәтсіздіктердің себебін талдай келіп, осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиада ойындарында 206 елден 11 324 спортшы қатысып, 45 спорт түрі бойынша 339 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл жерде спортшыларымыздың жасын атап өткім келеді. Біздің команда Рио ойындарындағы командаға қарағанда екі жасқа «қартайып» қалған болатын. Бұл өте маңызды. Осы көрсеткіш бізде сапалы резерв жоқ екенін көрсетеді. Яғни, ұлттық құрамалардың көш басындағы спортшыларды ауыстыратын сапалы резерв жоқ. Осылайша ұлттық құрама көшбасшылары чемпионаттарда да жүлде салады, Олимпиадаларға да қатысады. Сонда резерв даярлау жұмысы жеткіліксіз деген сөз», - деді ҰОК бас хатшысы.

Оның сөзіне қарағанда, пандемия жоспарды бұзғанына қарамастан, қазақстандық спортшылар лицензияны жеткілікті деңгейде ұтып алған. 

«Олимипиада ойындарындағы спорт түрлері мен медаль ұтыстарының қысқаруы, ережелердің өзгеруі қосымша лицензия алу мүмкіндігін қарастыруға жол бермеді. Бұл жерде олимпиада циклі екі бөліктен тұратынын айту керек. Бірінші бөлік ойындарға дайындықты қамтыса, екінші бөлік Олимипиадада өнер көрсетумен тікелей байланысты. Бұл жерде бізге қатысы жоқ себептермен 33 лицензия қысқартылды. Олипиаданың басқа спорт түрлерінен нәтижені жақсарту есебінен лицензия алу жоспары орындалғанын айту керек. Пандемияға қарамастан осынша лицензия алғанымызды сәтті қадам деп бағалауға болады», - деді ол Ұлттық Олимпиада комитеті бас ассамблеясының отырысында.