24 шіл, 2021 сағат 22:25

Андрей Крюков: Елдостың табандылығы өзге спортшыларға бағдар болады


Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков Токио Олимпиадасының бүгінгі жарыс күнін қорытындылап, пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әуелі бүкіл қазақстандықтарды Елдостың жеңісімен құттықтағым келеді. Бұл – Токио Олимпиадасындағы алғашқы медаліміз. Осы медаль басқа жеңістерге жол ашады деп сенеміз. Елдос бүгін өзінің шебер екенін, кәсіпқой екенін көрсетті. Жарыс жолында соңына дейін күресті. Осындағы спортшылардың бәріне ол бүгінгі өнерімен үлкен бағыт сілтеп кетті деп ойлаймын. Енді олар да алаңсыз алға ұмтылатын болады. Қола жүлде үшін өткен соңғы белдесуінде ол қарсыласын ұтуға күш таба білді. Өйткені бәрі «ақтық белдесу» деп баға берген жартылай финалдағы айқасы өте қиын болған еді. Спорттағы жеребе осылай түсіп жатты. Біз кез келген ойын ережесін қабылдаймыз. Елдос бүгін тағы да өзінің жеңісті дәстүрін жалғастыра алатынын көрсетті. Бүгін ол еліміздегі ең даңқты дзюдошыға айналды. Осы мүмкіндіктің Олимпиада ойындарының алғашқы күні тіркелгеніне қуаныштымын», - деді комитет хатшысы Орталық коммуникациялар қызметінде Жапониядан тікелей байланысқа шығып. 

Бас хатшы бүгін қазақстандық велошабондоздардан да медаль күткенін жасырмады.

«Бұл ойындарда осал қарсылас жоқ екенін айтқым келеді. Командалардың бәрі тас-түйін дайындықпен келген. Спортшылардың бәрі бабында. Дзюдо бойынша, басқа да спорт түрлері бойынша өткен турнирлерде оған көз жеткіздік. Біз үшін драмаға толы болған веложарыста жігіттеріміз жүлдегерлер қатарына іліге алмағанын көрдік. Теннис турнирінде де финалға жете алмадық. Сонда да бәріміз спортшыларды қолдаймыз. Команда жақсы бабында және рухы көтеріңкі», - деді Андрей Крюков. 

Еске салсақ, бүгін Токио төріндегі татамиде 60 келі салмақ бойынша белдескен Елдос Сметов Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салған болатын.