11 ақп, 2018 сағат 22:30

Ан-148 апаты: Қаза болғандардың тізімі жарияланды (Видео)

Мәскеу түбінде апатқа ұшыраған Ан-148 ұшағында болған барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің аты-жөндері анықталды. Олардың тізімі Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында орналастырылды. Ажал құшқан жолаушылардың үшеуі - балалар, деп жазады Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Мәскеудің Домодедово әуежайынан көкке көтерілген Ан-148 жолаушылар ұшағы көп ұзамай радардан жоғалып кетті. Кейін ұшақ қалдықтары Мәскеу облысының Раменск ауданында табылғаны мәлім етілді.  «Саратов әуе желілері» компаниясына тиесілі ұшақтың бортында 65 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болды. Олардың барлығы ажал құшты.  

ТАСС агенттігінің «Саратов әуе желілері» компаниясына сілтеме жасап хабарлауынша, қаза болған адамдардың туыстарына шұғыл көмек ретінде 100 мың рубльден төленеді.

«100 мың рубль көлеміндегі шұғыл көмекті алу үшін көз жұмғандардың туған-туыстары "АльфаСақтандыру» АҚ-ға жүгіне алады», - делінген компания ақпаратында.


Әуе кемесі апатқа ұшыраған орында 150-ден астам адам мен 20 техника жұмыс істеуде. ТЖМ басшысы Владимир Пучковтың айтуынша, құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады.

Апатқа не себеп болғандығына қатысты ресми ақпарат жоқ. Тергеу комитеті  қайғылы оқиға ауа райының нашарлауы, экипаждың қателігі, сондай-ақ техникалық ақау салдарынан болуы мүмкіндігін айтуда. Әзірге, оқиға орнынан бір қара жәшік табылды.

«Домодедово - Орск» рейсін орындаған Ан-148 ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша «Абайсызда соңы екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген әуе көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Іс Тергеу комитетінің орталық аппаратына берілді.

Ресей президенті Владимир Путин адамдардың қаза болуына орай көңіл айтып, үкіметтік комиссия құруды тапсырды.  

Осы уақытта Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза болғандардың арасында еліміз азаматтарының бар-жоғын анықтауда.