Америкалық Perseverance ровері Марс бетіне сәтті қонды. Қону сәті АҚШ аэроғарыш агенттігі (NASA) сайтында тікелей эфирде көрсетілді. Ғаламшар бетінде жүре алатын көлік тіршілік белгілерін іздеп көреді және топырақ үлгілерін жинайды. Ол үлгілер кейін Жерге жеткізіледі.
Қону сәті шамамен жеті минутқа созылды. Аппарат Марс бетіне парашютпен түсіп, қонған сәтте алғашқы суретін түсірді.
Ровердің Қызыл ғаламшардағы басты міндеті – бактерия тіршілігінің белгісін іздеу. Ғалымдардың пікірінше, Марста 3-4 миллион жыл бұрын, яки ғаламшарда су бар кезде тіршілік тұрған болуы ықтимал.
Ровер Туиттерде ашылған парақшасында «Сәлем, әлем. Мен өз мекенімде алғаш мыналарды көрдім», - деп жазып, Марс бетінен түсірілген суретті жариялады.
Сондай-ақ ол Езеро кратерінің кадрын да жариялады. Екі бейне де жаңа аппараттың планетадан түсіріп жолдаған алғашқы суреті.
Марсқа қону өте қиын. Айға қарағанда онда сирек атмосфера бар. Мұндағы миссиялардың тек 40%-ы ғана сәтті аяқталады.
Америкалық Perseverance роверін Атлас-5 зымыран-тасығышы АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан 2020 жылдың 30 шілдесінде алып ұшты. Жарты жыл ішінде ғарыш кемесі Жерден Марсқа дейін шамамен 500 миллион шақырымды ұшып өтті.
Құрылғы "Марс-2020" миссиясы аясында ғаламшарда 700 тәулік (Жер уақытымен) жұмыс істейді.
Perseverance (Персеверанс) – осы айда Марсқа келген үшінші ғарыш аппараты. Бұған дейін планетаның орбитасына БАӘ мен Қытай роботы ұшып жетті. Үш миссия да Жерден 2020 жылдың шілдесінде аттанған.
Қытай зонды Марс орбитасына 10 ақпан күні жеткен. Аппарат ғаламшар бетіне мамырдың соңында түсірілмек. Қытайлық ғалымдар миссия Марсқа адам жіберу мүмкіндігін зерттеуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Қытай зондынан бір күн бұрын Марс орбитасына Біріккен Араб Әмірліктерінің "Аль-Амаль" ("Үміт") дейтін спутнигі жеткен. Спутник былтыр жазда ұшырылған. Оның миссиясы – ғаламшардың атмосферасын, климат жағдайын, жыл маусымдарын зерттеу.