Фото: видеодан скриншот
Amazon компаниясының қойма операцияларында жұмыс істейтін миллионыншы робот іске қосылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Сондай-ақ роботтар паркінің жұмысын анағұрлым ақылды әрі тиімді ететін жаңа генеративті жасанды интеллект үлгісі – DeepFleet жүйесі таныстырылды. Бұл жаңалық Amazon-да адам мен робот санының теңесіп қалғанын білдіреді.
Amazon роботтарды ең белсенді қолданатын компаниялардың бірі ретінде танымал. Егер 2021 жылы қоймаларда 350 мың робот жұмыс істесе, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге жуық өскен. Компания алғаш 2012 жылы шағын платформа-тәріздес роботтарды енгізген болатын, ал 2023 жылы адам бейнесіндегі гуманоидты роботтарды қолдана бастады. Солардың бірі – Digit. Бұл 175 см бойы, 65 келі салмағы бар екі аяқты робот, ол алға, артқа және жан-жаққа жүре алады, еңкейіп, заттарды көтеріп, жылжытып, адам қолына ұқсас құрылғылар арқылы өңдей алады.
Amazon-ның тағы бір жаңалығы – Vulcan атты робот-қолдың қоймаға келуі. Бұл – жанасуды сезе алатын алғашқы робот, сол мүмкіндігінің арқасында ол тапсырыстарды орындау орталығында тауарлардың шамамен 75 пайызын қауіпсіз әрі дәл жинап, орналастыра алады.
Бүгінде Amazon-дағы әрбір төрт жеткізілімнің үшеуінде роботтардың көмегі бар. Ал бір қызметкерге келетін өңделген сәлемдеме саны 2015 жылы шамамен 175 болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 3870-ке жеткен. Сарапшылардың айтуынша, қоймаларды роботтандыру арқылы компания 2030 жылға дейін жыл сайын 10 миллиард доллар үнемдеуі мүмкін. Алайда бұл адам қызметкерлерінің болашағына алаңдаушылық тудырып отыр.