18 мау, 2025 сағат 15:30

«Ғұмырын репрессия құрбандарын анықтап, ақтауға арнады» Алматыда алаштанушы Ғарифолла Әнестің аты ұлықталды

Фото: Ерсұлтан Орынбай


Ұлттық кітапханада белгілі алаштанушы, ғалым, баспагер Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектеріне арналған шығармашылық кеш өтті. Аталған шараны репрессияланған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайы бірлесіп ұйымдастырған, – деп хабарлайды Ult.kz.


Филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның модераторлығымен өткен іс-шарада академик Хангелді Әбжанов, филология ғылымдарының докторы, профессорлар Қансейіт Әбдезұлы, Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали, Нұргелді Уәли, Мырзаберген Малбақов пен әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, жазушы Бейбіт Қойшыбай, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Қарагөз Сімәділ, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайының меңгерушісі Мейіржан Мырзабаев және Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының атынан қатысып, ғалым Ғарифолла Әнестің шығармашылығы мен қазақ ғылымының, баспагерлік ісінің дамуына қосқан еңбегі жайлы жан-жақты сараптамалық пікірлер айтылып, шығармашылығына баға берілді.



Фото: Ерсұлтан Орынбай


Шарада ғалымның алаш арыстарына және қазақ тіл біліміне қатысты 30 жылдан астап ізденістері іргелі еңбектерінің тұсауы кесілді. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Әбіл Кекілбайұлы сияқты қайраткерлерге арналған монографиялары мен көзі тірісінде жарық көрмеген ғылыми еңбектері көпшілікке алғаш рет ұсынылды.



Фото: Ерсұлтан Орынбай


«Біздің әкеміз профессор, ғылым докторы. Ең бірінші 30 жыл бұрын «Арыс» қорын құрған. Оның жанынан «Арыс» баспасын ашты. «Арыс» баспасы арқылы көптеген кітап шығарды. Ол кітаптың бәрін бүгін көрмеде көрсетіп отырмыз. Әкеміз барлық ғұмырын, ізденісін, еңбектерін репрессияға ұшыраған адамдарды зерттеп, олардың еңбектерін ашуға, аттарын атап, ақтауға арнады», – дейді Ғарифолла Әнестің қызы Назгүл Әнесова.


Сонымен қатар, жазушы Бейбіт Қойшыбаев зерттеушімен бірге «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы аясында көптеген істерді бірлесе атқарғанын атап өтті. Оның сөзінше, «Әділет» қоғамы мен «Арыс» баспа қорының көздеген мақсаты – бір: қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен шығармашылығын зерттеу, оларды халық жадында жаңғырту, әдеби және ғылыми мұрасын елге қайтару.


«Біз Ғарифолланы «Әділет» қоғамының жұмысына тарттық. Ол бұл ұсынысты қабыл алып, біраз уақыт төрағалық етті, кейін төраға орынбасары ретінде қызметін жалғастырды. Тарихи әділетті қалпына келтіруге деген ұмтылысы ерекше болатын. Алматы облысындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылған сәттен бастап, Ғарифолла сол бастаманың бел ортасында жүрді. Мұражайдың құрылуына, оның ғылыми мазмұны мен идеясын нақтылауға тікелей атсалысты. «Әділет» қоғамының мүшелері оның бұл еңбегін ерекше бағалайды. Ғарифолла елге жақсылық жасау жолында аянбай еңбек етті. Оның есімі халық жадында сақталады, еңбегі ескерусіз қалмайды. Қазір Алматы қаласындағы бір көшеге Ғарифолла Әнес есімін беру жөнінде ұсыныс жасалып отыр. Бұл бастама өз жалғасын табады деп сенеміз», – деді жазушы Бейбіт Қойшыбаев.



Фото: Ерсұлтан Орынбай


Ғалым саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында жүріп, аштық құрбандарын анықтау, тізімдеу жұмыстарына атсалысқан. Мемлекеттік тіл мәселелеріне арналған мақалаларын баспасөз бетінде жариялап, үнемі үн қатып отырған. Алаш арыстарының еңбектерінен бөлек, тұлғалық, облыстық, аудандық т.б. 20-дан астам энциклопедияларды жоғары кәсіби және ғылыми деңгейде, заманауи талғамға сай етіп дайындап, басып шығарды.


«Қазақтың керемет бір азаматы, алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, баспагерұлтымыздың ең бір аяулы, ардақты азаматы Ғарифолла бауырымызды еске алып жатырмыз. Ғарифорлла Әнес біздің қоғам тәуелсіздік алған кешегі 30 жылдықтан бермен қарай үлкен еңбек етті. Бүгін де перзенттері ұлттық кітапханамен бірлесе отырып, Ғарифолла Әнес бауырымыздың бірнеше кітабының тұсау кесер рәсімін жасап, атын асқақтатып жатыр», – дейді Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.



Филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап» секілді басылымдарды араб жазуынан қазіргі әліпбиге түсіріп, толық баспаға дайындауға көп күш жұмсаған. Ол А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы сияқты ірі тұлғалардың еңбектерін жүйелеп, басылымға даярлап, ғылыми алғы, соңғы сөздермен толықтырып бірнеше мәрте жариялаған.



Фото: Ерсұлтан Орынбай


Ғарифолла Әнес тек Алаш мұрасын емес, қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты энциклопедиялық басылымдардың да басы-қасында жүрді. Ол дайындаған еңбектер қатарында Ә.Кекілбайұлына арналған екі томдық энциклопедия, 20 томдық «Махамбет» сериясы, «Ұлы дала тұлғалары», «Қазақ тіл білімінің мәселелері», сондай-а қ «Мәдени мұра» аясындағы түрлі сөздіктер мен ғылыми жинақтар бар.


Ақбота Мұсабекқызы