11 жел, 2025 сағат 17:17

Дәстүрдің демін үзбеген, Алатаумен бірге арқауы бекіген өнер иелері


2016 жылы ашылған Алатау дәстүрлі өнер театры – қазақ руханиятының жаңа тынысы.  Осы театрдың алғаш ашылуынан бастап шығармашылық құрамында болып, оның бағытын, болмысын қалыптастыруға атсалысқан тұлғаларымыз ұлттық өнеріміздің ұлықталуына өздерінің зор үлестерін қосып келеді.

Уақыт – жүйрік, өнер – мәңгі. Сол мәңгіліктің бір шырағын жағып жүрген талапты азаматтар бар. Солардың бірі – қадамы өнерге жарасып, еңбегі елге ұнасқан, сахнада сырлы сөздің салмағын көтерген Бесікбасов Оңдасын Иманғалиұлы.


Жаратқан әр жанды бір өнерге бейім етсе, оның жүрегіне елдің мұңын, халықтың үнін, сахнаның киесін құяды. Оңдасын да сондай хас өнер иесі. Шығыстың кең даласында, Құмкөлдің қоңыр желін еміп өскен бала бойына қасиет дарығаны сонда-ақ сезілгендей. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары бозторғайдай шырылдап, өнер аспанына көз тіккен ол, нық қадам басып өнер жолына түсті.

Жастық шағына жолыққан Семейдің «Жастық» халық театры – оның өнер айдынына алғаш бағынған желкені. Сол шағын сахнадан басталған талпыныс кейін талай биікке жетеледі. Ізденісін жоғалтпай, білімін толықтырған Оңдасын Абай атындағы опера және балет театрының хор студиясында, одан соң Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында өнердің қыр-сырын меңгерді. Әрбір қадамы – талаптың, әрбір шыңдалуы – еңбектің белгісі.

Адамның қадірі – істеген ісімен, артына қалдырған ізімен өлшенеді. 1987 жылы өзі сомдаған бейнелер арқылы халық өнерінің биігін көрсеткені үшін Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атануы – таланттың танылған тұсы. Ал 2013 жылы Украина жерінде өткен «Бригантина» халықаралық фестивалінде «Ана жүрегі» фильміндегі өнері бағаланып, «Ең үздік екінші ер адам ролі» номинациясын иеленуі – ел атын шетке танытқан ердің еңбегі.

Өнердің шоқтығы – театр. Сол киелі қара шаңырақ – Абай атындағы опера және балет театрында 27 жылдай маңдай терін төгіп, әр образға жан бітірген Оңдасынның сахнадағы еңбегі аз емес. Кейін халықтың дәстүрін дәріптеп, уақыттың үнін сақтауға ниеттенген «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қадам басуы – өз болмысына, өз тегіне қылған құрметі.

Міне, сол «Алатау» театры келер жылы он жылдығын қарсы алғалы отыр. Он жыл – адамның өмірінде аз уақыт көрінгенмен, театрдың тарихында үлкен белес. Ал сол он жылдың ішінде таяқ тастам жерде емес, ең алғаш күнінен бастап қызмет еткен тұлғаның орны – өзгеше. Сахна біреуді өсіріп, біреуді сынайды. Оңдасынның өнері – сол сынақтан сүрінбей өткен шын шебердің өнері.

Оның сомдаған рөлдеріне көз салсақ, әрқайсысы – бір-бір тағдыр, бір-бір мінез. Сарыбайдың айбарлы тұлғасы, Құнанбайдың қатал да әділ келбеті, Маманбайдың даналығы, Медет шалдың тағылымы, НКВД басшысының сұсты болмысы, Бейбарыс сұлтанның өр рухы мен Шыңғыс ханның алып бейнесі – бәрі де өнерге адал жүректен туған кескіндер.
Фильмдердегі рөлдері де сан тарау. «Құланның ажалы» мен «Тюльпан» арасындағы талай образдар тізбегі оның шығармашылық тынысының кеңдігін көрсетеді. Әр кейіпкері – халықтың жүрегінен алынған, тарихтың түкпірінен жеткен үн секілді.

Өнер – адам үшін сезімнің тұнығы, жүректің жылуы. Сол тұнықты лайламай, сол жылуды өшірмей келе жатқан Оңдасын секілді азаматтар барда елдің рухы да, өнердің жолы да мәңгілік.

Театрдың он жылдығы қарсаңында оның есімін елге тағы бір еске салу – әділдің ісі, ақиқаттың жолы. Өйткені өнердің өнегесін қалдырып, сахнаға рух берген саңлақтар қадірленбесе, халықтың рухани кемелдігі де кеми түсер.
Оңдасынның өмір жолы – талаптың, еңбек пен төзімнің жолы. Ал өнердегі жолы – елге қызмет қылған ердің адал жолы.
Міне, осындай азаматты өнер ордасының алғашқы күнінен бергі тірек тұлғасы деп тану – парыз.

Қазақтың тылсым да терең ән әлемінде өзіндік өрнегін қалдырған, сахнаға шықса үнімен ғана емес, жүрек жылуымен тербететін өнерпаз бар. Ол – Мәдениет қайраткері, дәстүрлі өнердің жоғын жоқтаушы, дәл бүгінгі заманның сахнасына бабалар үнін бүлдірмей алып шыққан Алма Тұрсынбайқызы Аманжолова.


1977 жылдың көктемінде Алматының ақ самалды күнінде дүниеге келген ол — туғаннан өнерге жақын жүректің иесі. Уақыт өте келе бұл жүрек қазақтың ғасырлардан жеткен ән қазынасына есік ашып, сол асыл өнердің шырақшыларының біріне айналды.

Алманың өнерге бастар жолы – тегеурінді дәстүр мектебінен өтті.

Ж. Елебеков атындағы колледжде ҚР Халық әртісі Қайрат Байбосыновтан Арқа мен Жетісудің сарыны сіңіп, қоңыр домбыраның қаяуындай қасиетті мектептің құндылықтары бойына ұялаған. Бұдан кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда кәсіби шеберлігін шыңдап, дәстүрлі әнді ғылыммен ұштастырды. Ән өнерінің абызы Алтынбек Қоразбаев пен ақын, сатирик Көпен Әмірбекті ұстаз тұтады.

Алма Аманжолова — өнерімен қатар білім жолын үзбей жалғаған жан. Филологиядан бастап мәдени-тынығу жұмысы саласына дейін меңгеріп, қазақ мәдениетіне тек әнші ретінде ғана емес, білімді маман ретінде де үлес қосуға талпынды.
1996 жылы А. Қоразбаевтың кешінде «Қара пима» толғауын орындауы – Алманың өнер сахнасындағы алғашқы шоқтығы биік сәт еді. Әннің ащы шындығы мен мұңлы әуезі оның дауысымен ұштасып, тыңдарманды бейжай қалдырмады. Сол сәттен бастап ол дәстүр мен бүгінгінің арасын жалғап тұрған алтын көпірге айналды.

Жамбылдың «Угәй-айы», Нұрғиса Тілендиевтің «Алатауы», Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлемі», «Жан анасы» – қазақ даласының тынысын жеткізетін туындылар Алманың орындауында жаңаша бояу тапты.

Ұстаздық жолы, «Көпен келе жатыр» театрындағы актерлік еңбегі, студия жұмысы, ансамбль құрамындағы шығармашылығы – оның жан-жақты өнер иесі екенін дәлелдеді. Жеке альбомдары көрерменге әншінің өзіндік үні, өзіндік өрнегі бар екенін айқын көрсетті.

Алатау театры – өткен мен бүгінді жалғаған сахналық кеңістік. Онда жыр-толғаулардың үні, әжелердің әлдиі, бозбалалардың сағынышқа толы әні қатар өріледі. Сол кеңістікте Алманың дауысы – театрдың рухани өзегін байытқан қоңыр саз.

Алма Аманжолованың театрдағы рөлдері – әртүрлі тағдырдың, әр буынның, әр дәуірдің бейнесін тасымалдаған қастерлі образдар: «Мұқағалимен сырласуда» — жүректің үнін жеткізген әнші, «Абай–Тоғжанда» — Зере мен жеңгесінің кең мінезін сомдаған нәзік бейне, «Алтыбақан», «Ғұрып», «Ән Мухит» қойылымдарында — салт пен ғұрыптың иісін сақтаған ұлттық кейіпкерлер, «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыста» — ел анасының елес бейнесі, «Әгугай мен Игигай», «Кез болған соң кер заман» спектакльдерінде — халықтың тілі мен мінезін сахнаға әкелуші шынайы өнер иесі. Әр рөл — оның жан-жүрегінен сүзіліп шыққан бейне. Әр сахналық қадам — дәстүрдің жалғасы.

Алма Аманжолованың фильмдерге түсуі, жеке концерттері – оның шығармашылығының кеңейген айғағы. 2017 жылғы «Сәулемді елге түсірсем», 2021 жылғы есеп беру концерті – оның өнерін тыңдарманға жаңа қырынан көрсеткен ауқымды жобалар.

Марапаттары да — еңбектің өтеуі: «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медалі, «Қазақ өнерінің қайраткері» атағы. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бірақ оның ең үлкен марапаты — әнін тыңдаған халықтың ықыласы, жүрегіне жеткен үнінің қадірі.

Алма Аманжолова – бүгінгі қазақ сахнасында ұлттық ән өнерін таза күйінде сақтап, оны заманауи сахнаға лайықтап жеткізіп жүрген сирек таланттардың бірі. Оның өмір жолы – дәстүрлі өнердің өміршеңдігін дәлелдейтін айқын мысал.
Алатау дәстүрлі өнер театры ашылған күннен бастап, осы киелі шаңырақтың әр туындысын өз үнімен өріп келе жатқан Алма Аманжолова — қазақ руханиятының ажырамас бөлшегі, ұлттық өнердің адал қызметшісі.

Театрымызда алғаш болып қазығын қақандардың бірі, дәстүрлі ән өнерінде өзіндік үні мен орны бар Қайратбек Бектұрсын – дәстүрлі музыка өнерінің жанашыры, ұлттық ән мұрасын заманауи сахнада асқақтата орындап жүрген талантты әнші. Ол 1987 жылдың 8 қарашасында Қытай Халық Республикасының Іле ауданында дүниеге келген.


Музыкаға деген ерекше қызығушылығы ерте жастан байқалған Қайратбек 2010–2016 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында кәсіби білім алып, дәстүрлі музыка өнері мамандығын меңгерді. Консерватория қабырғасында жүріп-ақ дәстүрлі ән мектебінің терең қыр-сырына қанығып, қазақтың мәртебелі өнеріне бар жан-тәнімен берілді. Ол – белгілі дәстүрлі әнші, «Мәдениет саласының үздігі», ұстаз Тілеулес Құрманғалиевтың шәкірті.

Өнер жолын Қайратбек 2013 жылы Алматы облысы Есік қаласындағы Мәдениет үйінде әнші қызметінен бастады. 2017 жылдан бері «Алатау» дәстүрлі өнер театрының орындаушылар құрамында еңбек етіп келеді. Театр сахнасында ол өзінің жанды үні, табиғи диапазоны және терең сезіммен өрілген орындаушылық шеберлігі арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Қайратбек Бектұрсын – Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты. Оның өнері Жетісу ән мектебінің табиғи дәстүрін жалғастырушы өкіл ретінде де ерекше бағаланады. Әсет Найманбаев, Дәнеш Рақышев, Кенен Әзірбаев секілді ұлы тұлғалардың мұрасын жаңғыртып, олардың әндерін тыңдарманға шабытпен, өзіндік мәнерде жеткізеді. Арқа ән мектебінің әндерін де өзіндік өрнегімен тыңдарманға жеткізіп жүр.

Бүгінде Қайратбек Бектұрсын – дәстүрлі ән өнерін халыққа кеңінен насихаттап жүрген, ұлттық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан дарынды өнерпаздардың бірі. Оның шығармашылығы – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, қазақ руханиятының биік үлгісі.


«Алатау» дәстүрлі өнер
театрынының Әдебиет бөлімі

Фотолар: «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан