Фото: Жасұлан Бақытбек / Ult.kz
Тарихта ешқашан ұмытылмайтын, ұмытылмауға тиіс оқиғалар жетіп-артылады. Әсіресе кеңестік тоталитарлық жүйе қолдан жасаған азалы жылдардың азабын көп тартқан қазақ жері де талай сұмдықтың сырын бұғып жатыр. Әртүрлі желеумен қуғын мен сүргіннің сан түрін көрген «халық жауларының» отбасы да ойраннан көз ашпаған. Қамаудағы белсендінің жары лагерьлерде азапталса, балалары әркімнің босағасында жүріп, ал жақын-жуығы жоқтар жетімдер үйінде тозаққа бергісіз күн кешті. Жуырда Ult.kz тілшісі Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылындағы АЛЖИР лагерінің орнындағы музей-мемориал кешеніне ат ізін салып, лагерь жайлы біраз жайтқа қанығып қайтты.
«Халық жауы» деген жалған жаламен жазаға тартылып, репрессияның тауқыметін тартқан жандардың жарлары да көрген азапты айтудың өзі ауыр.
1930-1950 жылдары Кеңес Одағында ГУЛАГ лагерьлер жүйесі шектен шыққан қатыгездікпен жұмыс істегені тарихтан белгілі. Онда да тарихшылар бұл мәселеге бертінде ғана, сексенінші жылдардың соңына таман зер сала бастады. Бұл лагерьлерде «халық жауы», «контрреволюционер», «тыңшы», «отанын сатқан опасыз» деген жалған айыптармен көптеген зиялы қауым өкілдері қамалды. Шын мәнінде, бұл лагерьлерде түрлі ұлттың бетке ұстар тұлғалары, ақын-жазушылар, ғалымдар, саясаткерлер және басқа да қоғам қайраткерлері отырды.
Қазақстан аумағында ГУЛАГ-тың 11 лагері болған. Олардың қатарында Қарлаг, Степлаг, Камышлаг, Кеңгір және «АЛЖИР» де бар. Осы лагерьлердің барлығында әйелдерге арналған бөлімдер болды. Алайда тек біреуінің ғана «тұрғындары» тек қана әйелдерден құралды. Ол – «АЛЖИР» деген үрейлі атпен тарихта қалған Ақмола облысындағы «26-нүкте».
1937 жылы Кеңес Одағында басталған жаппай қуғын-сүргін кезінде Қазақстан ерекше қатыгездікке негізделген осы науқанның қызған нүктесіне айналды. Бұл кезде түрлі саладағы жоғары білімді азаматтар мен зиялылардың көпшілігі қуғынға ұшырап, дені ату жазасына кесілді. Ал қалғандары ұзақ жылдарға сотталып, ел «ит жеккен» деп айтатын Сібірге айдалды, қара жұмысқа жегілді. Бірақ кеңес билігі мұндай шарамен ғана шектеліп қалмай, олардың әйелдерін де тұтқындауды қолға алды. Осылайша, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында «АЛЖИР» лагерінің тарихы басталды...
«АЛЖИР»-де 62 ұлттың өкілдерінен құралған 18 мыңға жуық әйелді жинады. Бұл лагерьде әйелдерді тек жұмыс күші ретінде ғана пайдаланып қойған жоқ. Сонымен қатар олар ащы азапты да бастан кешті.
Кеңес билігі мұнда екі түрлі мақсатты жүзеге асырды: біріншіден, интеллигенция өкілдерінің көзін жоюды діттесе, екіншіден, оларды тегін еңбек күші ретінде ұстады. Әйелдер ауыр жұмыстарға жегіліп, бұл міндеттердің қатарына көл жағасынан қамыс ору, мал бағу, арық қазу, егін егу секілді ерлерге тән ауыр еңбек түрлері кірді.
«АЛЖИР»-ге келген әйелдердің әрқайсысының өзіне тән әрқилы тағдыры бар. Айдың-күннің аманында күйеуінен айырылған кеңетектілер алғашында өздерінің қайда бара жатқанын білмеді. Олардың бәрін НКВД жендеттері «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп алдап алып шыққан екен. Қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған әйелдер ең әдемі киімдерін киіп, әшекейлерін тағып, балаларын туыстарына тастап, барынша құлпырып шыққан еді. Жүк вагондарына отырса да олар қайда бара жатқандарынан еш күмәнданбастан, қуаныш құшағында алыстағы қазақ жеріне кете барды. Жазда ыстық, қыста қабырғаларынан аяз қаритын эшелондағы бірнеше күннен кейін ғана олар алда қандай ауыр жолды бастан кешіретіндерін түсіне бастады.
Астана қаласынан шамамен 30 шақырымдай қашықтағы Ақмол ауылында орналасқан музей-мемориалға барғанымызда бізді бірден көнерген эшелон қарсы алды. Ұзындығы ары кетсе алты қадамнан сәл ғана асатын сталиндік вагонның ішіне 70-ке жуық әйелді сыйғызып жіберген екен.
Сонымен, адам түгіл мал тасуға да қолайсыз, көзге қораш көрінетін вагондарда әйелдер өздерінің қайда бара жатқанын білген соң, әрқайсысы өз өміріндегі соңғы хаттарын жазды. Пойыз тоқтаған сайын әжетхананың тесігінен сыртқа тастаған бір жапырақ қағаз арқылы олар өз отбасыларына соңғы хабарларын жеткізіп қалуға тырысты. Эшелондағылар ұзақ жол бойында тек тұздалған балықпен ғана жүрек жалғап, қабырғаға қатқан мұзды ғана талғажау етіп, шөл басты. Соған қарамастан аштықтан, суықтан шетінен қырылып жатты. Ал олардың денелерін озбыр күзетшілер пойыздың тоқтағанын күтпестен жол бойына лақтырып кете берген...
Тірі қалғандары алдымен Теміртау маңындағы елдімекенге жеткізіліп, ары қарай «АЛЖИР» лагеріне жөнелтілді. Олардың лагерьдегі өмірі жауыңа да тілеместей еді. Мұндағы ауыр азаптың бар сипатын «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды» деген теңеудің өзі әсірелей алмайды. Күндіз-түні бел үзілер қиын да қорлыққа бергісіз қара жұмыс, әр әйелге нақты еңбек нормасы бекітілді. Оны орындамағандар жазаға тартылып, тіпті тамақтан қағылған. Әр әйелге бір жылда бір рет қана балаларына хат жазуға рұқсат етілетін. Егер еңбек нормасын орындамай, немесе қарауына берілген малын өлтіріп, еккен егіні бітік шықпаса қандай да бір айыпқа тартылып, тіпті жылына бір келетін балаларына хат жолдау мүмкіндігінен де айрылатын. Бұл – олардың өміріндегі ең төзгісіз сәттердің бірі болды.
Әйелдер ауыр еңбекке шыдап, бекітілген нормадан асыра 70-80 бума қамыс шабатын. Сол арқылы олардың көбі ерте бостандыққа шығуды үміт етті. Құшағы қашанда қамқорлыққа толы төңіректегі қазақтар мұндағы әйелдерге барынша жанашырлықпен қарады. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Лагерьдің жанында жатқан Жаңажол ауылының тұрғындары лагерьдегілерге көмектесу үшін, түнде оларға жасырын барып, құрт, балық, ет және нан ұстатып кететін. Кейін лагерьден босаған әйелдер жаңажолдық тұрғындарға көздері жасқа тола бар алғысын жаудырып, қолдарынан келген көмектері үшін ризашылықтарын білдірген екен.
Лагерь жабылған шақта НКВД әйелдерден ешкімге ол туралы айтпауды бұйырып, қолхат жаздырып алып алған екен. Қаншама жыл бойы олар өздерін тағы да тұтқындай ма деген үреймен осы қасіретті бастан өткергендерін ешкімге айтпай, өле-өлгенше тіс жармай өткен екен.
"Осы себепті «АЛЖИР»-де болған 18 мың әйелдің толық тізімі әлі күнге дейін анықталмай отыр. Қазіргі таңда тек 8 мың әйелдің аты-жөні ғана белгілі, олардың ішінде көзі тірі бірде-бірі қалмады. Тек осында дүниеге келген және анасымен еріп келген бірлі-жарым балалар ғана (бүгінде жасы 80-90 шамасында) өмірде бар", – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» МКҚК директорының орынбасары Дәулеткерей Кәпұлы.