04 қыр, 2020 сағат 11:28

Алтынемел ұлттық табиғи паркінде 250 жаңа жұмыс орны ашылады

«Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамасы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев онлайн конференция барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Онлайн шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, сала сарапшылары, ғалымдар мен қоғам белсенділері қатысты.

«Осы жобаны жүзеге асыру арқылы 2025 жылға қарай жергілікті халық үшін 250 жаңа жұмыс орнын аша аламыз. Жыл сайын келетін туристер саны 20 мыңнан 78 мың адамға көбейіп, бюджетке түсетін қаржы 10 есеге артады», - деді Ерлан Нысанбаев тұжырымдаманы таныстыру барысында. 

Вице-министр сонымен бірге былтыр 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын атап өтті. 

Қазақстан экотуризмді ұлттық парктерде АҚШ тәжірибесі негізінде дамытпақ. Яғни, мұнда туристiк маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға көбірек күш салынады. 

«Сонымен бірге заманауи визит-орталықтар, гэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар салынады. Нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Яғни парк аумағында түбегейлі үлкен құрылыс жүрмейді», - деп түсіндірді Е. Нысанбаев. 

«Алтынемел» ұлттық паркін дамыту тұжырымдасы бойынша 3 маршрутты реттеп, түзеу жоспарланған.

«Шыған» бақылау өткізу пункті маңындағы аумақта автокөлік тұрағы дұрысталып, этноауыл салынады. 

«Келушілер үшін келесі тоқтайтын жер - Мыңбұлақ. Туристердің тамақтануы үшін қозғалмалы асхана, яғни караванинг болады. Демалыс қолайлы өтуі үшін глэмпингтер орналастырылады. Әрі қарай туристер маршрут бойынша тарихи-мәднни нысан - Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы асхана жұмыс істейді, демалып отыратын жерлер болады», - деді вице-министр. 

Бұдан бөлек, жабайы жануарларды тамашалау үшін көру алаңы салынбақ. 

«Экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін инвестор тартылады. «Іле Алатау», «Шарын» ұлттық парктері мысалында «Алтынемелде» жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, тәуелсіз баға беретін қоғамдық кеңес құрылады», – деп түйіндеді Ерлан Нысанбаев.