10 мау, 2021 сағат 12:11

Алтын Орда және Қайду хан мемлекеті



Алтын Орда және Қайду хан мемлекеті

(Ұлы Талас құрылтайы: Ұлыстардың пайда болу тарихы)



Алтын Орда дәуіріне көзқарас


Тарих тағылымында біз білмейтін тарихи оқиғалардың әлі күнге дейін сыры ашылмай келе жатқан сабақтастығы бар екенін қаншама зерттеу жұмыстарымыздан көріп жүрміз. Ұлы даланы жайлаған түркілердің тылсым дүниесі көптеген ғалымдардың ғылыми тұжырымдарын шатастырып жүргені де жасырын емес. Бір ғана оқиғаның төңірегіндегі жүріп жатқан шым-шытырық тарихи дүниелердің анықталу барысының өзі қаншама ғылыми жұмыстардың негізі болғаны ақиқат. Өйткені, әрбір тарихи оқиғаны шынайы түрде ғылымға негіздеп, түп-төркінін ашу үшін де сол дәуірдің барлық жол-жосықтарын түсінуге тура келеді. Сондай әлі күнге дейін ғалымдар арасында талас тудырып, әрқилы ой-пікірдің хауызына өзек болып жүрген тарихи оқиғалардың бірі және бірегейі, бұл – барша түркі баласының басын қосқан ұлы моғол империясының ыдырауына себеп болып, ұлыстардың өз алдына жеке мемлекет ретінде қалыптасуының басты қаһарманы болған Қайду ханның Тараз қаласы маңындағы Талас өзенінің жағасында өткізген Ұлы Талас құрылтайы еді. Тарихта өзінің биік бағасын алған осы құрылтайдың тарихи деректерге негізделген оқиғалар желісін тарқатып айтсақ дейміз. Бірақ, осы ұлы оқиғаны айтпас бұрын біз кішкене артқа шегініс жасағымыз келеді. Себебі, бұл құрылтайдың не үшін құрылғаны және оның себептерінің шығу негізін білу мақсатындағы тұжырымымызды Шыңғысхан дәуірінен бері тарқатып айтсақ түсінікті болады деп ойлаймыз.


13 ғасыр әлем елдерінінің санасында ең қанқұйлы тарихи желістер мен бөрі тектес түркілердің ғаламды талап жеген тағылық әрекеті ретінда сақталып қалды. Шығыстан тозақтың жалын отындай жер бетін жайпап шыққан мұғұл тайпаларының Еуразия даласының екіден бірін ат тұяғының астына таптап дүниені дүр сілкіндірген шапқыншылығы көптеген тайпалар мен ұлыстардың жүрегін ұшырған құбыжық қорқыныш болып елестеді. Түбі бір түркі тектес тайпалардың шашыранды басын бір арнаға қосып, қатаң тәртіп пен ұлы империя құру жолындағы Шыңғысханның көрегендігі өзі ойлағандай ұлы Тәңірінің қалауымен іске асты. 1206 жылы Алтай тауының етегіндегі Бұрқан Халдун жотасында мұғұл руларының басын қосып, өзін ұлы қаһан жариялаған Теміршын – тарихта ұлы Мұғұл мемлекетінің негізін қалады. Мұғұл мемлекетін қалыптастырғаннан кейінгі оның басты қарсыласы түркі халықтарының ортасына от салып, бір-бірімен қырқыстырып, жер бетінен жойылып кетуін ойлайтын Аспан асты елі – Қытайды жаулау болып, ендігі жорығы солай қарай бағытталды. 200 мыңдық сақадай сай қатал тәртіпке бас иген әскерлерге отырықшы мәдениеттің иелері болған Шын елін жаулау еш қиындық туғызбады. 1211 жылы басталған ұлы жорық айналдырған 4, 5 жылдың ішінде солтүстік қытай елін тас-талқан етіп жаулап алумен тынды. Ендігі Шыңғысханның жорығы Орта Азияға қарай ауды. Себебі, бұл аймақта отырған мұғұлдармен туыстас түркі тайпаларының дені де парсы-араптанып бара жатты және Хорезмшахқа жіберілген елшілерінің жазықсыз өлтірілуі де жанына тыным бермей жүрген-ді. Осылайша Түркілік Тәңір дінін берік ұстайтын дала оғландарына исламдық дін жат болып көрінді және бабалық «жосық» жолынан алыстап бара жатқан еді. Сол тұста Орта Азияда екі ұлы қағанат өмір сүріп жатты: бірі исламдық халифат елін бағындырып, орталық пен батыс азия елдерін уысында ұстап тұрған Хорезмшах мемлекеті болса, екіншісі сонау шығыстағы гоби шөлі мен сол даладан ауып келіп, Жетісу, Мауереннаһр, Шығыс Түркістанға иелік етіп отырған Қарақытайлар мемлекеті еді. Бір өкініштісі, өзара қырқысып жатқан осы ұланғайыр даладағы ұлы мемлекеттердің барлығы да түбі бір түркінің балалары болатын. Бірақ, бұлардың ешқайсысы да Шыңғысхандай дарынды қолбасшыны қорқыта да алған жоқ, алған бетінен қайтара да алған жоқ. Осылайша басталған ұлы жорық – 1221 жылы бүкіл Азия елдерін бағындырумен аяқталды.

 Өзін ұлы хандардың ұрпағы санайтын Шыңғысхан да жаулап алған жерлерін төрт баласына бөліп берді. Үлкені Жошыға Дешті Қыпшақ даласы, Кавказ, Хорезммен бірге батыстың байтақ далаларын атының тұяғы жеткен жеріне дейін иеленуге берді. Екінші ұлы Шағатайға Мауереннаһр, Жетісу, оңтүстік азия елдері мен үндіге дейін билеуді тапсырды. Үшінші ұлы, тақ мұрагері Үкітайға бүкіл мұғұл мемлекетінің билігі мен осы мемлекеттің барлық жері оның мұрасы болып есептеліп, Тарбағатай, Еміл, Шығыс Түркістан жерлерін берді. Ал, төртінші ұлы Төлеге атақонысы мұғұл жерлері мен Ібір-Сібір, Қиыр Шығыс жерлерін мұраға қалдырды. Осы территориялық бөліністерден әлем тарихында бұрын-соңды болмаған ұлттар мен ұлыстардың жекелеген тарихы мен мемлекеті қалыптасатынын дәл сол кезде ешкім болжай алған жоқ. Басында бәрі бір атаның баласындай бір мемлекетке бағынып, бір тілде сөйлеп, бір ғана мақсат-мүддеде болған тайпалардың ара-жігі Шыңғыстан кейінгі төртінші қаһан болған Мөңке ханның тұсында мәңгілікке бұзылды. Мәңгі елдің мәңгілік аспаны мен дархан даласында қан судай ақты. Бұған себепші болған да сол Шыңғыс хан ұрпақтарының бабасы айтқан өсиеті мен ата заңы болған «Жосық» заңын бұзу арқылы бір-біріне қарсы шығуы еді және әр сұлтанның өз билігін шексіздікке бастау арманынан басталғанды. Үлкен ұлы Жошыға тиген аумақ ұлы империяның ішіндегі ең үлкені болды. Қазіргі қазақ даласы мен орыс, бұлғар, кавказ, қырым, шығыс европа жерлерінің барлығы дерлік осы ұлысқа қарады. Әсіресе, Шыңғыс ұрпақтары арасында үлкен беделге ие болған Бату хан тұсында мемлекет аумағы тіптен кеңейді және Батудың тіккен алтын шатырына орай, бұл аймақ - Алтын Орда деп аталды. Сол дәуірдің жылнамашыларының айтуына қарағанда Бату хан өте қатал да ақылды, көреген де жомарт болып сипатталады. Европа мен Азияның көптеген елдері Бату ханды ұлы хан санап, Шыңғыстың тағында отыр деп ойлаған. Мұның барлығы да оның абырой-атағының беделді болуымен байланыстырылды. 13 ғасырдың тумасы, армиян тарихшысы Инок Магакия өзінің қолжазбасында: «Татар әскерлерінің жетекшісі Бачу-ноян оларға кішіпейілділік пен достық пейілін білдірген соң, олар патшаның інісі, армян аспарапеті, барон Смбатты Шыңғыс хан тағында отырған Саин ханға елші ретінде жіберді. Смбат көп ұзамай Сайын ханға келді ... Ол өте мейірімді еді, сондықтан халық оны Саин хан, яғни жақсы, қайырлы хан деп атады» [1. 10 б] - деген дерегінен-ақ көп нәрсені байқауға болады.

Дегенмен де, Бату хан қанша шексіз билікке еге болса да өзін жеке мемлекеттің иесі сезіне алмады әрі орталықтағы ұлы қаһанға бағынышты болды. Жосық заңын қатты құрметтейтін мұғұл тектілер үшін бұл заңдылық болатын. Бірақ та, Батудың Алтын Ордасы бүкіл Еуропа мен оңтүстік-шығыс Азия елдері үшін нағыз хан сарайының өзі еді. Ол елдер Шыңғыстың ұлы тағынан гөрі Алтын Орданың бұйрықтарына бойұсынып, соның ғана бұйрықтарын орындады. Бұл – Бату мен Алтын Орданың атақ-абыройын әлемге асқақтатты. Осындай атақ-абыройға ие болса да Бату хан ешқашан Шыңғыстың ұлы тағына таласқан емес. Осы арада бір сұрақ туады: «Хандардаың ағасы деп аталған» Бату өзі неге ұлы тақты иеленбеді?» деген. Әрине, Шыңғысханның үлкен ұлының баласы ретінде ұлы таққа отыруға оның да қақысы бар еді. Бірақ, ол өз ойын кейін мүлдем өзгертіп, тақ таласына араласпайтынын мәлімдеді. Өйткені, Бату хан сол кезеңде тіптен ұлы хандықтан дәмелі болмады. Ол тақтың ертеңгі күні уақыты жеткенде бос қалатынын және өзінің иелігінің бәрінен де үлкен ауқымға ие екенін сезген секілді, әрі өзіне тиесілі дара биліктен айрылғысы келмеді. Яғни, ұлы Мұғұл тағынан гөрі Алтын Орданың тағдыры қызықтырып, өзіне ұлы Мұғұл тағына отыру туралы ұсыныс болған кезде одан бас тартқаны себепті де аталастары оны «Хандардың ағасы» деп атап кеткен-ді. Және осы бас тартуы оның абыройы мен беделін шексіз биік шыңға көтерген еді. 

Оған өзінің Алтын Ордасы мен Қыпшақ даласы ғана ұнайтын. Иә, Ұлы Қыпшақ даласы шынында да адам қызығарлықтай табиғаты керемет, ауасы таза, кең жазықты дархан пейілді шексіздігімен көз тартты, ал Бату осы сайын даланы сол бір жаннат бағында жүргендей қимайтын. Ибн Рузбиханның: «Бұл кеңістік өзендермен, гүлдермен және қызғалдақтармен жабылған, сондықтан оны Дешті Қыпшақ деп атайды... Бұл қандай Дешті Қыпшақ! Ол - жұмақтың жалғасы. Оның өрістері мен далалары Иранның бақтарынан асып түседі. Дешті Қыпшақ жердің 600 фарсағына тең. Оның көп бөлігі өзендермен жабылған. Осы елдегі гүлдердің әдемілігі әсемпаз бұлбұлдың өзін есінен айырады. Оның барлық гүлдері мен қызғалдақтары әлемдегі басқа бақтардың гүлдері мен қызғалдақтарының мөлшеріне қарағанда бірнеше есе үлкен. [2. 144 б], - деп тамсана жазғаны осыған дәлел бола алады.

Дегенмен де Бату ханның бүкіл мұғұл мемлекетіндегі саяси жағдайларға әсер ету ықпалы өте күшті болды. Ұлы хандыққа таласпаса да ондағы тақ таласының тарихи жағдайларына әрқашан араласып отырды. Тіптен, ұлы қағанның өзі де Алтын Ордамен санасып отыратын жағдайға жеткен-ді. Ал бұл өз кезегінде Батудың ұлы ханнан еш кем еместігі мен оның абырой-беделін әлемге паш етіп жіберді. Күйік ханның өзі де қанша үлкен тақта отырса да, Батуға деген іштей кегі бола тұрып, оған деген қарсы жауласу әрекетіне мың ойланып, мың толғанып барды. Себебі, оның бұл қадамына басқа ханзадалардың Батудың сөзін сөйлеп, өзіне қарсы шығып кетуінен қорықты әрі жеңіске жете алам ба, жоқ па деген ойдан да қатты жасқанған-ды. Міне, осы бір тарих сабақтарының өзі Алтын Орданың қаншалықты ірі мемлекетке айналғандығын да дәлелдеп берді. Шыңғысханның басқа балаларының жеке иелікке ие болуы мен оны күшейтуі жолындағы барлық іс-әрекеттерінің алға жылжуына да міндетті түрде Алтын Орданың ықпалы болды. Батудан кейін таққа отырған Берке ханның да Шағатай, Құлағу, Қайду ұлыстарының дамуы мен өркендеуінде маңызды рөл атқарды және ұлы тақтың иесі санайтын Құбылайдың өзі де оның барлық әскери жорықтарын іштей бақылап отырды әрі Алтын Ордамен татулық, алыстан араласу, қақтығысқа бармау сияқты саяси қағидаларды қатаң ұстады. Алғашқы кездерде барлық ханзадалар мен ұлыстар Қарақорымдағы ұлы ханға бағынып отырғанымен, кейіннен бірте-бірте жеке тізгінді қолдарына алып іштей бөлектене бастайды. Ол бөлшектенудің астарында хандар мен сұлтандардың жер таласы, бақ таласы, тақ таласы сияқты алауыздық тірліктерінің бір ортаға біріге алмайтын ой-толғаныстары жатты. Ұлыстардың өз алдына хандық құрып, дара билікке ұмтылуының алғышартына Үкітай қағанның кезеңінде-ақ бірінші болып Алтын Орда жетті.


Жосық заңының бұзылуы: таққа талас. 

Бату ханның билігі


Осылайша әлемді билеген Үкітай хан да 1241 жылы артына жақсы атағы мен ұлы билігін тастап атасы сияқты өмірден өтеді. Таққа Үкітайдың үлкен ұлы Күйік хан 1246 жылғы құрылтайда мұғұл ақсүйектерінің бірауыздан қолдауымен отырады. Бірақ, бұл құрылтайға Бату хан әртүрлі желеу айтып бармады. Оған себеп, Батудың Күйікке іштей наразылығы болса керек. Рашид ад-Диннің жазған дерегі бойынша, олар алғашқы европа жорығында-ақ бір-бірімен сөзге келісіп қалған. Бүкіл батысқа жортқан жорықтың қолбасшысы болып, Үкітай қаған бұйрығымен Бату тағайындалғаны белгілі. Сол жорықта орыс еліндегі бір үлкен жеңісте олжаларды бөлісу кезінде Күйік Батуды тыңдамай қояды. Осы қылығы үшін Бату ұлы қаған Үкітайға шағым айтады. Жорық кезінде бір басшыға бағынбай алауыздық тудыратын мұндай тірлікке қатты ашуланған Үкітай қаған Күйікті өз балам демей, Батудың бұйрығына бағыну керектігін ескерткен зілді бұйрығы үшін Күйік Батуға деген бір алалығын іште сақтап қалғаны айтылады. Сонда да, Күйік хан оның Шыңғысхантектілердің ішіндегі ең абыройлысы, үлкені екенін ескеріп, үш рет шақырғанда да ол аяғының ауратынын айтып, алыс жолға жүре алмайтынын желеу етумен бармай қалды. Күйік хан мұны «өзіне деген құрметіне бас имегені» деп түсініп, оның бұл әрекетіне қатты ашуланады. Әрине, оның ұлы хан құрылтайына жалғыз өзі бармай қалуына жоғарыдағы себептер әсер етті деуге бола қоймас, дегенмен де, Бату ханның не себепті бұлай істегені тарихтың біз білмес құпия беттерінде жазылып қалмағаны өкінішті. Әйтеуір, осы бір құрылтайдың Батусыз өтуі Күйіктің жан-дүниесіне ауыр тигенді. Енді ол Батуға деген іштей кегін де сақтап, қалай да оны жазалауды ойға алады. Сөйтіп, әскери қатаң тәртіпте  жасақталған шерумен құпия түрде жер жаннатын іздеп жүрген жандай Батуға қарай көш бетін түзеп аттанады. Мұны білген Төленің әйелі жасырын түрде Батуға хабар береді. Оның да себебі бар еді. Өйткені, Бату хан Төленің хатуны, Мөңке ханның анасы Сарықұқтан бегіммен жақсы қарым-қатынаста болатын. Бұл хатун Үкітай хан тұсында Батуды көп қолдаған және оған шексіз биліктің иесі болуына көмектескен-ді. Рашид ад-Дин мұны: «Бату, барлық туыстардың ішінде ең үлкені болды және Күйіктің шақырғанына аяғым ауырады деп келмеді. Күйік оған осы үшін қатты ренжіді де одан кек алуды көздеп, «Еділ өзенінің салқын ауа-райы менің кеселім үшін жақсы ем болады» деген сылтаумен, сол жаққа қарай бет бұруға шешім қабылдады. Күйіктің Батуға деген арам пиғылын сезген Сорқұқтан бегім оған құпия хабарлама жіберіп, Батуға алдын-ала ескерту жасап үлгереді» [3. 112] – деп жеткізеді.

Бірақ, Тәңірдің мұны құп көрмегені болды ма, Күйік хан 1248 жылы көктем шыға Талас пен Самарқан арасындағы кең далада ауруы асқынып, діттеген жеріне жете алмай қайтыс болады. Міне, дәл осы жерден тақ мұрагері арасындағы қаһан заңдылығы бұзылған еді. Үкітай қаһан көзі тірісінде өзінің үшінші ұлы Кучу атты баласын таққа мұрагер етіп тағайындаған болатын. Бірақ та, ол баласы Үкітай ханның тірі кезінде жастай қайтыс болады да, ұлы хан оның ұлы Ширамунға қара шаңырақты қалдыратынын мәлімдейді. Яғни, қара шаңырақ кімде қалса сол адам тақ иесі болып шығады деген сөз. Ал мұғұл ақсүйектері Үкітай хан өлгенде Ширамунның әлі жас екенін желеу ете отырып, талай соғыста өнері өрге тасыған, тісқаққан Күйікті ұлы қаһан етіп сайлап жібереді. Бұған себеп болған Күйіктің анасы, Үкітай ханның әйелі, қаһанның өлімінен соң мемлекетті төрт-бес жылдай билеген Туракина хатун еді. Оның беделі ұлы хан ордасы мен бүкіл хан ұрпақтарына жүріп тұрған-ды. Ол хатун Ширамунды әлі жас, қарым-қабілеті жоқ деп шеттетіп, барлық нояндар мен әмірлерді өз жағына қаратып алады. Бірақ бұл Үкітай ұрпақтары үшін онша бас қатыратын шаруа болмады, себебі, аталарының заңды өсиеті бойынша тақта Үкітайдың ұрпақтары отыру керек болатын және солай жалғасып келе жатқан-ды. Сондықтан да олар бұған мән бермеді және әрі қарай да осылай Үкітайдың ұрпақтары, мейлі, қайсы болса ол болсын, отыра береді деп сенді. Ал, тақ үшін алдын-ала ойластырылған сұлтандардың арам пиғылдарында бұл ертең үлкен өзгерістердің бастауы болатынын және Үкітай ұрпақтарының бетіне салынатын себеп-салдарға айналатынын олар еш ұғынған жоқ. Ондайды ойлау ешкімнің ойына да келген жоқ. Сол себепті, Үкітай ұрпақтарынан жеке бір территориялық иелікке еге болу да, сол арқылы өзінің жеке-дара билігін қалыптастыру да саналарына кіріп шықпады. Бұл – олардың ертеңгі күндері тарих бетінен мүлдем жойылып кетуіне алып келетін, мұрагерлік былай тұрсын, жеке бір хандықтың да иесі бола алмайтын дәрежеге жеткізетінін қайдан білсін..  

Нағыз дүрбелең Күйік хан өлген соң басталды. «Таққа кім отырады» деген сұрақ Шыңғыстекті ақсүйектердің барлығының ойын мазалап, жан-дүниелеріне тыным бермеді. Өз алдына билік жүргізіп, өзіндік ұлыстарын басқарып, жеке биліктің дәмін татқан Жошы ұрпақтары: Бату хан, Берке хан, Беркежар, Шағатай ұрпақтары: Мутуген, Сарабон, Есу-мункей, Қара Құлағу, Үкітайдың ұрпақтары: Күйік, Қашы, Қарашар, Ширамун, Төленің ұрпақтары: Мөңке хан, Құбылай хан, Құлағу хан секілді айбынды қолбасшылардың бәрі де ұлы тақтан дәмелі болды. Есіл-дерттері ұлы бабасының тағына отыратын адамның кім болатындығы. Дәл осындай сәтте Бату хан барлық ақсүйектерді өзінің алтын ордасына ақылдасу үшін шақырады. Бірақ бұған Үкітайдың, Шағатайдың, Күйіктің ұрпақтары келіспей, сонау сайын далаға барудан бас тартады. Олар: «Шыңғысхан бабамыздың ұлы атақонысы мен астанасы да Онон мен Керулен жағасында. Бізге сонау Қыпшақ даласына барудың қажеттілігі шамалы [3. 129]» деп келісе алмай қалады. Келмегендеріне іштей наразы болған Батудың ауыр халін өзінің жақтасы, Төленің әйелі Сарықұқтан хатун ғана бірден сезіп, баласы Мөңкеге Батудың жағдайын сұрап келуді тапсырады. Әрине, мұның астарында үлкен саясат жатты және бәрі жасырын түрде атқарылады. Бату ордасына келген Мөңке, өзара екеуі құпия түрде сөйлескен соң, Бату мынадай жарлық шығарып, барша Шыңғыс ұрпақтарына, олардың әйелдері мен бүкіл әмірлеріне таратады: «Қазіргі кезде барлық ханзадалардың ішінде Шыңғысханның ұлы тағына Мөңкеден лайықты адам жоқ. Ол Шыңғысханның жосығы мен жарлықтарын көзбен көріп, құлағымен естіген бірден-бір тұлға. Оның ерлігі мен батырлығы, қабілеттілігі мен таланттылығы, ақылдылығы мен тапқырлығына ешбір жан сай келмейді. Ол барлық арамдық пен адалдықты көріп, Үкітай қаһанның беделіне ие болған бірден-бір ханзада. Одан лайықты адам жоқ. Сондықтың ұлы тақтың иесі сол балуға тиісті. Және ол Шыңғысханның қара шаңырағына ие болған Төленің үлкен ұлы. Сол себепті, оны қаһан тағына отырғызу керек» [3. 129].

Осылай хатты бәріне таратып жіберген соң, әр түкпірдегі ханзадалардан Батудың сөзін қолдаған шабармандар келе бастайды. Кейбір Үкітай ұрпақтары, Күйіктің ұлдары мен Шағатайдың ұрпақтарынан Ису Мөңке мен Бөрі ғана мұны қолдамайды, бірақ, басым бөлігі құп көреді.  Осы кезде Бату хан Жошы ұлысынан беделді деген Орда, Шейбан, Беркені, Шағатай ұлысынан Қара Құлағуды қалың әскермен Мөңкені қорғау үшін Қарақорымға жіберіп, қалай болғанда да Мөңкені таққа отырғызып қайтуды қатаң тапсырады. Уақыты жетіп ұлы құрылтайды өткізу үшін барлық ханзадалардың жиналуы ғана қалады. Сол сәтте бұл құрылтайға Үкітай мен Күйіктің ұрпақтары және Шағатайлық Ису Мөңке мен Бөрі хандар тағы да қатыспайды. Бұлардың Шыңғыстектілердің арасында беделі мен абыройы тым аспандап тұрған кез еді. Берке сол сәтте бірден Батуға олардың келмегені үшін құрылтайдың өтпей тұрғанын жазып хат жібереді. Артынша Батудан: «Сен оны таққа отырғыз. Жосық заңына кім қарсы шықса, оның басы алынады» [3. 131] деген інісі Беркеге жазған зілді бұйрығы бар шабарман жетеді. Осылайша арада үш жыл өткенде барып ұлы тақтың иесі анықталып, 1251 жылы Шыңғысханның алтын тағына Төленің үлкен ұлы Мөңке хан отырды. Яғни, бабалары Шыңғысханның «Жосық» заңына негізделген ұлы тақтың иесі тек Үкітай ұрпақтары болады деген қағида бұзылып, өзгеріске ұшырап, Бату ханның билігі мен ұстанымының арқасында ұлы хан тағына Төленің ұрпақтары жайғасты. Бұл өз кезегінде Үкітайдың ұрпақтарының хан тағынан шеттетілгенін білдірді және олардың ашу-ызасы мен таққа талас кекшілдігінің басталауына алып келді. Дала заңын қатты құрметтейтін және өздерінің бабасы Шыңғыстың ата заңына түбегейлі бағынатын Бату ханның қалайша мұндай қадамға барғаны және «Жосық» заңының не үшін бұзылуына себепкер болғаны әлі күнге дейін айқындалмай қалған түсініксіз жағдайда қалып, «жабулы қазан» күйінде келеді.


Ұлы ханға қастандық

Үкітай ұрпақтарының қудалауға ұшырауы


Ұлы империяның ыдырауының басы 1251 жылы Мөңке ханның Шыңғыстың ұлы тағына отырғанынан басталды.  Ол таққа ие болысымен бірден Үкітай ханның ұрпақтарын қудалауға ұшыратып, бетбұрыс жасауға арналған мемлекеттік саясат жүргізді. Қалай болғанда да Мөңке ханның Үкітайдың ұрпақтарын қудалауы – олардан қорқуы мен өзіне деген өшпенділік қасіреттерінен жасқанып, басқа ханзадалармен біріге отырып қарсы шағуы мүмкін деген ойларын қалыптастырып үлгергенді. Оның бұл саясаты әрине, қарсыластарына ұнай қойған жоқ, сол себепті олар оған қалайда қастандық ұйымдастырып, оның көзін жойып, тақты мұрагерлердің өздеріне қайтарып алу әрекетіне көшті. Бірақ, Мөңке хан өзінің айналасын әскери мықты жасақпен және өзінің абыройлы туыстарымен қоршап, әрі Бату ханға арқа сүйеген саясаты арқылы беделі мен абыройын күшейтіп алғаны оның өмірін сақтап қалды. Ұлы ханға қастандықты ұйымдастырып жүрген де ұлы тақтың иесі болуға тиісті Қучудың баласы Ширамун еді. Бірақ, асығыс әрі жеткілікті түрде ойластырылмағандықтан және Үкітай ұрпақтарының бұл көтеріліске толық қатыспағандығынан бүліктің аяғы олардың жеңілуімен аяқталды. Бұл туралы орыстың моңғолтанушы ғалымы Ю.Р.Почекаев: «Үгедей немерелерінің бірі Ширамун, осы ханның ұрпақтарынан тараған басқа ханзадалармен ақылдаса отырып, өздерінен ұлы тақты тартып алғаны үшін Мөңке ханды өлтіру жайлы кеңес құрады. Ордаға келген оларды Мөңке хан үш күн жақсылап, құрметпен күтеді. Бірақ, төртінші күні Ширамунның кейбір адамдарынан қандай мақсатпен жиналғанын сұрайды. Олардың кейбірі өздерінің бүлік шығару үшін ниеттеніп келгенін өз еріктерімен мойындағаннан кейін барып, хан олардың 80-ін өлтіреді. Алайда, Ширамун мен онымен бірге болған Күйік ханның балаларын, сондай-ақ, олармен келісімде болған басқа да 420 адамды кешіреді». [4. 215 б], - деп нақтылай түседі.

Мөңке хан Ширамун мен 420 адамды өлтірмегенмен оларды жер аударады. Үкітай ханның ұрпақтарының өзіне жасаған қастандықтарына қатты шүйліккені соншалық, ұлы тақтың мұрагерлері саналған олардан бас көтеретін адам қалдырмады десе де болады. Мұның барлығы да Үкітай хан өлгеннен кейінгі тақ мұрагерлерінің арасындағы бабалары айтып кеткен Шыңғыстың «Жосық» заңының бұзылуынан өрістеді. Ұлы хан боп отырған Күйік ханның өзі де Шыңғысханның өсиет еткен «Жосық» заңдарын бұрмалай отырып, әр ұлысқа өз ханзадаларын тағайындау арқылы түбегейлі бетбұрыс жасаған-ды. О.Караев өзінің еңбегінде: «Шағатай өзінің мұрагері деп Мутугеннің ұлы Қара Құлағуды жариялайды. 1241 жылы Угедей, ал біраз уақыттан кейін Шағатай қайтыс болады. Өсиет бойынша, Шағатай ұлысының тағына Хара-Хулагу ие болды .... Үгедейдің мұрагері әрі ұлы Күйік хан (1246-1248) Хара-Хулагуды тақтан түсіріп, «Жосық» заңы бойынша ұлы тірі тұрғанда немересі тақ мұрагері бола алмайды деп жариялайды. Сөйтеді де тірі қалған Шағатай ұлдарының ішіндегі ең үлкені Есу Мөңкені Шағатай ұлысының билеушісі етіп тағайындайды» [5. 18 б], - деп дәйекті тұжырым жасайды.

Сөйтіп, Мөңке хан да Күйік хан тұсында өзгеріске ұшыраған ата-заңдарын бұрмалауды жалғастыра отырып, «Үгедей ұрпақтары саяси төңкеріс жасауға ұмтылды» дегенді сылтауратты да, барлығын жер аударып жіберді. Соның ішінде Үкітайдың беделді де белді ұрпағы Қайду да бар еді. Мөңке хан оларды бір жерге тоғыстырмай әрқайсысын әр жаққа жер аударады, ондағы ой да белгілі, әрине. Ал  Қайдуды Еміл мен Қаялыққа қоныс аудартты. Себебі, Қайду бұл кезде әлі мемлекеттік саяси жүйеге араласпаған, жасы 17 жасар бозбала шақта болатын. Бірақ, Қайду хан мұнда да ұзақ болмай, ұлы хан тарапынан өзіне тағы қастандық жасалуы мүмкін екенін ескере отырып, ұлы хан ордасынан алыстау жүруді ойлайды да Шағатай ұлысының оңтүстік-батысындағы Тараз қаласына келіп тұрақтайды. Алғаш мұнда келген кезде Қайду ханда өзінің нағашы жұрты мекрин тайпасынан құралған 2, 3 мыңдай ғана әскерден басқа ешқандай күш жоқ еді. Өзінің жеке иелігі жоқ Қайдуға бұл оңай тиген жоқ. Мұның себебі, дәл сол кезде Үгедейден тараған ханзадалардың ешқайсының иелігінде толыққанды территория бомағандығынан болатын. Үгедей Ұлы қаған болып сайланған кезде, бүкіл мұғұл империясының территориясын тек өз иелігі санады да, ұрпақтары үшін Шағатай мен Жошы ұлысы сияқты орталықтандырылған хандық билікті қалыптастырмады. Үгедей, Күйік хандардың тұсында Үгедей ұрпақтары жоғары мәртебені иеленіп, әскери билікті қолдарында ұстады және әрқашан осылай бабасы Шыңғыстың өсиеті орындала береді деп ойласа керек. 1251 жылы Төленің ұлы Мөңке Ұлы қаған тағына отырып, Ұлы қағандық Үгедей ұрпақтарынан Төле ұрпақтарына көшкен кезде ғана олар өздерінде арқа сүйер нақты саяси құрылым (ұлыс) мен жеке биліктің жоқтығын сезінгенді.


Қайду ханның жеке билігінің қалыптасуы


Қайду хан – тарихшылардың айтуы бойынша 1233 жылдары ұлы ханның ордасында, Үкітайдың бесінші баласы Қашының шаңырағында дүниеге келеді. Анасы мекрин тайпасының қызы, есімі Себкина хатун болатын. Ол әкесінен ерте айырылған соң моңғолиядағы ұлы ханның ордасында ер жеткенше тәрбиеленеді. Атасы Үкітай ханның, ағалары Күйік хан мен Мөңке ханның барлық басқару қабілеттерін көзбен көріп, әбден шыңдалып, ұлы ордада барлық былық пен қылмыстардың, ата заңы болған «Жосық» бітігінің бұзылуы мен бұрмалануының куәсі болады. Тақ мұрагерлігі бұл ұрпақтан басқа ұрпаққа ауысқанда жүрегі қынжылған дарынды жас ханзаданың бірі де осы еді. Ширамунның іс-әрекетін іштей қолдаса да оларға қосыла алмады. Себебі, олар мұны жас көріп, қолын қанға боямағанын ескерген сияқты. Ұлы ханның мұның аталастарын қуғындап, қарсыластарын өлімге қиғандарын, ұйымшылдықтың аса бір жетілген түрде болмағанын көрген баозбалаға өмірлік ой түюге тәжірибе жинақтап берді. Мұның барлығы да оның әскери шыңдалуы мен аталастарының тақ үшін бәріне дайын арам пиғылдарының  арасынан дұрыс жолды таңдап шығуына керемет сабақ болып өрбіді. Осы уақытқа дейін Қайду хан ешқандай мемлекеттік іске араласпай келсе, ендігі іс-әрекеті тек өзінің әскери қуатын күшейте отырып, әрқашан барлық жағдайға дайын болуды, сонымен қатар, тақ мұрагерлігін қалпына келтіру тетіктерін ойластыруды қолға алуды көздеді де Арық Бұғы Құбылайға қарсы шыққан кезде бірден соны қолдап ең бірінші рет мемлекеттік іске араласады.

Міне, дәл осы кезеңнен бастап, біз сөз еткелі отырған, тарихта өзіндік ақиқи орны бар, Шағатай мемлекеті мен Моғолстан ұлысының негізін салушы қайраткер тұлға ретінде Қайду ханның тарихта сара жолы басталады. Арада бірнеше жыл өткенде Мөңке хан да қайтыс болып, Арық Бұғы мен Құбылай арасындағы тақ таласы басталғанда сол бір іштегі ыза-кектің жауабы ретінде бірден Арық Бұғы жағына шығып, оны қолдай жөнелді. Бұл кезде Қайду да біршама күшейіп, өзінің өмірлік қағидасын жетілдіріп үлгерген ірі стратег, қолбасшыға айналған кезі еді. Құбылаймен болған алғашқы ірі шайқас монғолияның оңтүстігіндегі сары жазықта өтеді. Бұл соғыс оларға оңай тиген жоқ және екі жақтың да жағдайы мәз болмады, көптеген әскер қырылды, қаншама қан төгілді. Бірақ, Арық Бұғы жеңіп шығады. Бұл жеңіс Төле ұрпақтарына кек сақтаған Қайду ханның рухын көтеріп тастады және оның болашақта өз хандығын құру мен жеңіске жету жөніндегі ниет-жігерінің айқын көзқарасын қалыптастырды. Өзіне деген нық сенімді арқалаған Қайду хан бірте-бірте айналасына аталас ханзадаларды жинап, әскер жасақтай бастайды. Оның көрегендігінің бір тұсы сол, ол - ең бірінші болып абырой-беделі жоғары, Мұғұл империясындағы азулы да айбарлы хандық – Алтын Ордадағы Жошы ұлысының ханы Беркемен достық қарым-қатынасты орнатты. Бұл достық Шыңғыстектілердің арасында оның беделін биікке көтерді. Осылайша абыройын тіктеп алған ол Шыңғыс ханзадаларының арасында Құбылайға қарсы бас қосып соғысуды үгіттеп, ашық насихат жүргізді. «Құбылайдың бабамыз Шыңғысхан қалдырып кеткен «Жосық» заңын бұзып, ата-баба дінін тәрк етіп, бүкіл көшпенді дала ұлдарының қас жауы болған Қытай мәдениетінің ықпалында кетуі – біздің ата-бабамызға және бізге жасалған сатқындық. Ұлы қаһан Шыңғыстың өсиетін аяққа басып, мұғұл халқының салт-жоралғыларын ұмытуы – бізге істелінген қастандық» деп жаһанға жар салды. Оның бұл үндеуі Жошы, Шағатай, Үкітай ұлыстарының хандарынан үлкен қолдау тапты. Тіптен, айналасына көптеген әмірлер мен нояндар, ханзадалар жиналып, оны қолдаған жасақтың да саны 100 мыңға жетті. Яғни, сонау қудалауға ұшыраған жылдардан бергі 7-8 жылдың ішінде осындай абырой-атаққа ие болып үлгерген Қайду, ендігі бар әрекетін Құбылайға қарсы пайдаланып, ұлы мұрагерлікті қайтару жолына жұмсады. Арық Бұғы Құбылаймен соғысқанда әрқашан оны қолдап отырды, әскери демеу де берді. 1264 жылы Арық Бұғы Құбылайдан толыққанды жеңіліп, оған бағынғанда да, Құбылайға қарсы ашық соғысудан қайтпады. Өзін ұлы қаһан санаған Құбылай да өзінің ең басты жауы Қайду екенін түсінді және өзінің ұлы хандар құрылтайына достық ниетпен Қайдуды сан мәрте шақырып, кешірім көзбен қарайтынын айтып бақты. Бірақ, ол оның арам пиғылынан қорқып, әртүрлі сылтау айтумен үш жыл бойы бармады, құрылтайына қатыспады. Мұның аяғы үлкен соғысқа әкелетінін Қайду хан сезді де, білді, сөйтті де өзінің әскери шебін күшейтуге тырысты. Бұл үшін ол алдымен өзінің территориялық аумағына жақын және өзінің иелігіне таласып жүрген Шағатай ұлысының ханы, Құбылайдың жақтасы Алғимен соғысқа шығып, оны жеңу арқылы ұлысын күшейтіп кеңейтуді, әрі іргесінде орналасқан олардан біржолата құтылып, жар астында жаудың болмауын ойлады. Бұл Қайду ханның ең мықты стратегиялық қисынды бағыты болды. Себебі, оған екі жақта бірдей соғысу мүмкін емес. Ал Алғи бұл кезде Беркемен соғысып жатқанды. Ал, Берке болса бұл уақытта Құлағу ханмен Кавказдағы иеліктері үшін қиян-кескі соғыстың үстінде еді. Сонысына қарамастан Алғимен де соғысуға тура келді. Өйткені, Алғи Құбылай тарапынан Шағатай тағына сайланысымен мауереннаһр өлкесіндегі Жошы ұрпақтарына тиесілі Алтын Орда иелігінің әмірлерін қырып, өз адамдарын қойғанды. Осыдан соң Алтын Орда мен екеуінің арасында соғыс өрті бұрқ ете түседі. Беркенің Қайдуды қолдауы, онымен бауырмалдық достықта болуының себебі де осы еді, яғни, Қайду ханды қолдай отырып, мауереннаһрдағы өзінің әскери шебі ретінде ұстау болатын және Қайдудың да оңай шағылмайтын жаңғақ екенін де білетін. Есесіне, Алтын Орданың қолдауына ие болған Қайдуға ешкімнің тісі бата алмады десе де болады. Сол үшін Қайду оған көмек ретінде Алғи әскерінің бір бүйірінен келіп тиді. Сөйтіп, Шағатайлықтарды Берке мен Қайду жеңген соң, Берке хан оған деген ризашылығы мен достығы үшін мауереннаһрдағы өз иеліктеріне билік етуді тапсырады. Бұл – Қайдудың абыройын одан сайын асқақтатып жібергені соншалық, ол осы өлкенің бірден-бір әміршісіне айналады. Екінші рет Шағатайлықтармен соғысқанда Қайду жеңіліс табады, бірақ, Алғи да көп ұзамай қайтыс болады. Алғидың өлімінен соң Қара Құлағудың әйелі Ергене хатун баласы Мүбарак шахты Шағатай тағының мұрагері деп жариялайды. Бұл Құбылайға ұнамайды да, ол ұлы хан ретінде өз бетінше жарлық шығарып, Шағатайдың шөбересі, Мүтүгеннің немересі, Есен Дубаның ұлы Барақты тақ иесі деп жар салады. Ондағы Құбылайдың саяси ойы – Барақ арқылы өзінің қарсыласы Қайду ханды талқандау және оған дәл қасынан қарсылас тауып беру болатын. Аталған жарлықтан соң, Барақ Өзкент қаласында өзін хан жариялайды да, керісінше, мауереннаһрдағы Құбылайдың қойған әміршілерін алып тастап, өз адамын қою арқылы өз билігін күшейтіп, Құбылайдың өзіне қарсы шығады. Құбылай бұған қарсы Жошы ханның немересі, Шейбанның ұлы Көніші бастаған 6 мыңдық жазалау әскерін жібереді. Барақ та бұған дайын тұрғанды, қалың әскермен қарсы алады. Мұны көрген Көніші жеңістің ауылы алыс екенін сезіп, соғыссыз кері қайтып кетеді. Құбылайдың шегінгеніне масаттанған Барақ, енді Қайдуға қарсы соғыс жариялайды. Себебі, бұл кезде мауереннаһрдың көп бөлігі  Алтын Орда тапсырған Қайдудың билігінде болып, оған салық төлейтін. Екі әскер Амудария жағасында кездесіп, қиян-кескі соғыс басталады. Қайду хан жеңіледі. Бұл оқиғалар болып жатқан кезде Берке хан өмірден өтіп, орнына Батудың екінші ұлы Тоғанның баласы Мөңке Темір отырған болатын. Көп кешікпей Қайду өзінің одақтасы Алтын орда ханы Мөңке Темірден көмек сұрайды. Ол көкесі Беркенің өсиетіне берік болып, адал достығы үшін оған 50 мың әскер жібереді. Мұндай ірі көмек оның ерік-жігерін күшейтті. Сөйтіп, Барақ пен Қайду сырдария өзенінің жағасында екінші мәрте кездескенде Қайду Барақты быт-шытын шығара талқандайды. Барақ зорға дегенде қашып құтылып, оңтүстік мауареннаһрға қарай ығысады. Барлық иелігінен айрылып, ол билеген Жетісу, Мауереннаһр, Шығыс Түркістанның иесі жалғыз Қайду хан болып қалады. Яғни, бойына біткен дарынды қабілеті мен Алтын Орданың ханы Берке мен Мөңке Темірдің қолдауымен Қайду өзінің жеке билігі мен Шағатай ұлысының иесі болып шыға келеді. Дәл осы бір тұста Қайдуға қарсы шығатын ешкім болмайды, себебі, 1266 жылдары қатарынан ұлы Илхан Құлағу да, Алтын Ордалық Берке хан да, Шағатайлық Алғи хан да қайтыс болған кез еді. Ал, Құбылай болса алыста, қытай елін бағындырам деп әуре болып жатқан-ды, Алтын Орда болса өзінің досы, ал, Шағатай өзінің қол астында қалды, осылайша Еміл мен Тарбағатайдан бастап Мауереннаһр, Жетісу, Қашғардың бірден-бір иелігі соның қолында қалады. Осы күннен бастап оның билігі өзі аңсаған ұлы тақтың дәргейіне дейін көтеріліп, шексіз дәрежеге жетеді. Қайду хан Шыңғысхан тектілердің ішіндегі хан тағында ең ұзақ отырған және өмірінің соңына дейін шайқасып өткен, әрі елі мен жерін өле-өлгенше ешкімге бермей абыройы асқақ күйде көз жұмған хандардың бірегейі болып саналады. Дәл бұл сияқты ешкім ұзақ уақыт басқарған емес. Ортағасырлық мұғұл шежіресі жазылған «Муизз ал-Ансаб» атты еңбекте: «Қайду хан ұзақ өмір сүрді және 40 жылдай патшалық құрды. Оның қырық шақты ұлдары болды» [6. 60 б] - деп, біздің ойымызды нақтылай түседі.  

Осылайша, аталған аумақтар мен Қарақорымдағы бірнеше аймақтардың иесі өзі болып, жеке де дара биліктің қожайыны атанып шыға келеді. Сөйтеді де өз иелігінің астаналық ордасы ретінде гүлденген Тараз қаласын таңдайды.

  


Талас құрылтайы, Қайду мемлекеті.

Тараздың астаналық қалаға айналуы


Қайду хан талқандалған Барақтың артынан қумайды, қайта бауыры Қыпшақ сұлтанды онымен татуласу үшін қалайда тауып, сөйлесіп келуге жібереді. Оның мұндай көрегендігі мен Шыңғыс ұрпақтарының басын қосып, татулықта өмір сүруді қалаған саналы түрдегі ойы іске асады. Өзін ұлы тақтың мұрагері деп санайтын ол, барлық Шыңғыстектілердің ортақ құрылтайын жасап, бір мәмілеге келуді шынайы түрде қалап, бәріне өзінің астанасы Тараз қаласының маңындағы Талас өзенінің көкмайсалы шалғынды даласында жиналуға ұсыныс жасаған үндеуін жолдайды. Мұның бұл әрекетін құп көрген барша хан ұрпақтары 1269 жылы Талас өзенінің жағасындағы Кенжек қаласының маңында жиналады. Мөңке ханның ұлы хандық тағына отырардағы өткен құрылтайынан кейінгі бірінші рет өтіп тұрған бұл жиналыс, тарихта - Ұлы Талас құрылтайы деген атақпен қалды. Рашид ад-Дин: «1269 жылы көктем шыға барлық ханзадалар Кенжек пен Таластың жағасына жиналды да, бір апта тойлаған соң, жетінші күні құрылтайды өткізді. Сөзді бірінші болып Қайду бастады: «Біздің даңқты бабамыз Шыңғысхан мына әлемді өзінің ақылдылығы мен батылдылығы арқасында, қылыш пен садақтың күшімен жаулап алып, өз ұрпағына мұра қылып қалдырды. Әке жағынан бәріміз бір-бірімізге туыспыз. Басқа ханзадалар да үлкенді-кішілі біздің бауырларымыз. Олармен арамызда ешқандай алауыздық пен дұшпандығымыз да жоқ. Онда неге арамызда араздық болуы керек? Сонда Барақ: «Иә, жағдай сондай болды. Мен де осы тектің баласымын ғой. Маған да өзіме тиесілі жұртым мен өмір сүруіме қажетті дүниелер берілуі керек... Сендер маған жаулықтыңдар. Бәрін ойлап қарасам менің кінәм жоқ деп ойлаймын. Сонда бәрі: «Иә, шындық сен жағында. Онда былай шешілсін: Енді өткенді еске алмаймыз. Барлық қыстық және жаздық жайылымдарды әділетті түрде бөлісейік, таулар мен жазық далаларға орналасайық, олар әлі бөлінбеген әрі бос жатыр» дей келе «Мауереннаһрдың үштен екісі Бараққа, үштен бірі Қайду мен Мөңке Темірге тиесілі болсын» деп шешеді» [7. 71 б].

Аталған Талас құрылтайы негізінде Мұғұл империясы ыдырап, әр ұлыс өзінің жеке билігі мен хандығын құрып, Еуразия даласында ұлттық мемлекеттердің қалыптасу негізінің бастамасы болып аяқталды. Ендігі жерде әркімнің өз территориялық мекені мен дара мемлекеттік заң құрылымы жасақталды. Осылайша бір шешімге келе отырып, келесі көктемде Барақ Амудария өзенінің арғы бетіндегі Абаға ханның жерлеріне жайылымдық жерлер мен иеліктерді кеңейту үшін жорыққа шығады деп құрылтайды аяқтайды. Себебі, осы құрылтайға дейін Барақта ештеңе жоқ болатын. Оның құрылтайда жалына сөйлегені мен Қайдудың ағалық бауырмалдығы оны жоқшылықтан құтқарып қалды. Осындай асылтекті ханзаданың туылуы Көк Тәңірінің қалауы ғой. Қайду туылғанда Үкітайдың өзі осы немересінен көп үміт күткен екен. Бұл туралы Қайдудың замандасы, ғалым, сол дәуірді өз көзімен көрген Жамал Қаршы былай дейді: «Кыстай (Қайдудың әкесi) Хорасанда әкесінің қасында жүргенде қайтыс болды. Артында баласы Қайду анасының құрсағында қалды. Қайду дүниеге келген кезде, оны атасы Ханға алып барады. Ол немересін кеудесіне қысып, бетінен сүйіп тұрып: «Менің мынау кішкентай ұлым менен кейін менің тақ мұрагерім болсын», - дейді. Сөйтіп, Қайдуды Алланың қалауымен жақсылып тамақтандырып, жақсылап өсіріңдер деп бұйырады». [8. 104 б].

Осы құрылтайдан байқайтынымыз сол кездегі Шыңғыс ұрпақтары арасында атағы асқақ Бату хан сияқты, Қайдудың да өз замандастары арасында абыройы сондай дәрежеде болғанын анық байқаймыз. Дербес мемлекетті құра отырып, оның астана қаласы ретінде Тараз қаласын таңдап алды. Ежелден қаншама ұлыстардың тартысы мен таласына айналған, Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Қарақытай сияқты ұлы қағанаттардың астанасы болған, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің ордасына айналған қасиетті Тараз қаласын таңдауы да тегін емес еді. Таңдап қана қойған жоқ, шапқыншылықтан жартылай қираған қаланы қайта тұрғызып, Орта Азиялық Хорезмшахтардың сәнді қаласындай хан отыратын ұлы ордаға лайықты етіп салдырды. Қорғаныс қамалдары күшейтіліп, қала іші жаңаша өзгеріске еніп, шығыстың шынайы сұлулығындай құлпырды. Осыдан бастап қаланың атауы халықтың арасында Ианги Тараз, яғни, Жаңа Тараз деп аталды. Бұл - Қайду ханның өркениетке қосқан мәңгілік қолтаңбасы мен мемлекетінің астанасы ретінде тарихтың төрінен өз орнын алды.

Алысты болжай алатын, әрбір іске қайыр-қасиет көзімен қарай алатын саясаткерлігімен құрған мемлекетінің өзі кеткен соң Шағатай ұрықтарының иеленіп қалатынын қайран Қайду қайдан білсін?! Алтын Орданың дәуірлеуі мен дамуы, мәдениетінің өркендеуі мен өсіп-өнуі Бату ханға қалай байланысты болса, Шағатай ұлысы мен кейіннен пайда болған Моғолстан мемлекетінің де жарқырап тарих бетіне шығып қалыптасуы осы Қайдудың ақылдылығы мен көреген еңбегінің арқасы деп түсінуіміз керек. Қанша Бараққа жер беріп Шағатай ұлысына отырғызғанымен бұл аумақтың ұлы ханы Қайду болып қала берді. Осы өңірдегі хандар мен әмірлер тек Қайдудың бұйрығымен ғана тағайындалды. Жамал Қаршы: «Біздің елдің ханы - Кайду ибн Қыстаи ибн каан әл-кабир Үктай ибн Шыңғыс хан, ол 670/1271 ж. қыркүйек айының соңында Таразда таққа отырған. Ол әділетті, жомарт, жұмсақ мінезді, елдің мүдделерін түсінетін, білімді, мұсылмандарды қолдаушы, мейірімді, тапқыр хан еді, Алла оның тағдырын жеңілдетсін». [8. 104 б] - деп оны сондай биік дәрежеде мақтап сөйлейді және оның астана қаласы Тараз екенін, өзінің осы қалада хан тағына отырғанын тайға таңба басқандай сенімді баяндайды. Жамал Қаршының Қайду ханның Тараздағы сарайында екі мәрте болғанын ескерсек бұл нақтылық деп қабылдаймыз. Қайду тек ақылды басшы болып қана қойған жоқ, сол кездегі ғылым иелерін де қатты құрметтеген. Жамал Қаршыны өз ордасына екі мәрте қабылдап, оған ғылым мен білімнің дамуына үлес қосуын сұрап, ол үшін барлық жағдайды жасайтынын да айтқан екен. Жамал Қаршының өзі: «Мен оған қызметке екі рет қабылдандым: оның билігінің басында және билігінің соңында. Әрбір қабылданғанымда оның маған дарынды жан ретінде қарайтын жылы ықыласы мен игілігіне, рақымы мен құрметіне ие болатынмын. Ол өзінің ақсүйектері мен халқының жоғарғы топ мүшелері алдында маған ерекше назар аударып, мені атап өтетін. Оның билігі 33 жылға созылды, 701/1301 жылдың басында 68 жасында қайтыс болды». [8. 104 б] - деп мақтанышпен айтуы тегін емес.

Сонымен 1270 жылы көктем шыға Барақ хан Елхандықтардың иелігіне, құрылтай кеңесінің бұйрығы бойынша жорыққа аттанады. Оған Қайду хан да аталас бауырлары Қыпшақ пен Чапатты көп әскермен қоса аттандырады. Бірақ, Қайду хан бауырларына жасырын тапсырма береді: Егер Барақ пен Абаға хан соғысуға бетпе-бет келген жағдайда, екеуінің ол соғысты тастап шығуын тапсырады. Осылайша Барақтың жеңілуін тілеп, оның Шағатай ұлысын өзіне мәңгілік қосып алып, Үкітай ұлысының жаңа мемлекетін құруды армандайды. Шынында да Қайду тапсырғандай шайқас басталар алдында екі бауыры майдан даласын тастап кетеді де, Барақ хан Герат түбінде оңбай жеңіліп, қырғынға ұшырайды. Сол сәтті пайдаланған Қайду Ташкент маңында жатқан Бараққа оны тастап кеткен әмірлерді жазалау үшін көмекке келгенін айтып хабар береді. Бірақ, Барақ олармен өз есебі бар екенін жеткізіп, көмекке мұқтаж емеспін деген сыңай танытқанын естіген Қайду хан екі түмен әскерімен оның лагерін қоршауға алады. Не керек сол түні Барақ хан белгісіз жағдайда көз жұмады. Осымен Қайду хан өз иелігіндегі бақталас хан ұрықтарынан толығымен құтылады да, 1271 жылы өзінің жеке мемлекетін құрып, Тараз қаласында хан тұғырына отырады да, мемлекетінде шексіз билікті иеленіп, өмірінің соңына дейін өзіне бағынатын қуыршақ хандарды тағайындаумен өмірін өткізеді. Қайду тарапынан Барақтың орнына сондай қуыршақ хан Шағатайдың немересі Никбай отырады. Бірақ, ол да ұзақ отырмай өлім құшқан соң оның орнына Шағатайдың шөпшегі Бұқа Темірді отырғызады. Жамал Қаршы былай баяндайды: «Бұқа-Темір ибн Кадағай ибн Бөрі ибн Мутуген ибн Шағатай таққа 671 / 1272-1273 жылдары Қайдудың бұйрығы бойынша түнгі шайқаста Никбаянды өлтіргеннен кейін барып, орнына отырды. Бұқа Темір 680 / 1281-1282 жылдары қайтыс болды». [9. 105 б].

Қарап отырсақ, Жамал Қаршы айтқандай барлығы да Қайдудың бұйрығымен тағайындалып отырған. Бұл ұлыстың ұлық ханы Қайду болғаны сол дәуірде белгілі еді. Күшейіп алған Қайду хан бүкіл қытайды жаулап алған Құбылаймен сан мәрте айқасқа шығады. Онымен терезі тең патша ретінде сөйлесіп, келісімдер жүргізеді. Өзін әлемнің әміршісі санайтын Құбылай бұған көне алмай екеуінің арасында қаншама жойқын жорықтар болып, қаншама жанның қаны судай ағады. Бұл әсіресе, Құбылайдың 1271 жылы өз мемлекетін қытайлық Юань атауына ауыстырған кезде мүлдем өрши түсті. Себебі, Қайду хан әу бастан-ақ Құбылайдың ата-баба салтынан алыстап бара жатқанын, бабасы Шыңғысханның құрастырып кеткен мәңгілік елінің «Алтын жосық» заңының қытайланып бара жатқанын өте қатал сынға алып, оны өз аталастарына жасаған қастандық деп санайтынын айтып, мұндай сатқындықпен өмірінің соңына дейін келісе алмай кетті. Әсіресе, Шағатай тағына Жамал Қаршы айтқандай: «Қайдудың бұйрығы бойынша 681 / 1282-1283 жылдары Барақтың ұлы Дува әкесі мен атасы көтерген олардың тағына келіп отырды» [10. 106 б]. - дегендей, Барақтың ұлы Дубаны отырғызғаннан кейінгі екеуінің біріккен қолдары сан мәрте Құбылайдың қалың қолымен шайқасқа түсті.

Шыңғыс ұрықтарының ішінде дәл сол кезде осы Құбылайдан асқан адуынды империя болған жоқ, оның жай күндегі әскер санының өзі 300 мыңдай, ал соғыс уақытында 500-600 мыңдай әскер шығара алатын ең қуатты ел еді. Осындай айбынды Юань империясымен Қайдудың күресуі сол кездегі басқа ұлыс хандары үшін үш басты Аждаһамен айқасқандай қорқынышты көрінетін. Бірақ, бұл Қайдуды еш үрейлендірген емес, қайта ол «Ата заңның сатқыны» саналатын бауырын қалайда талқандауды, тіптен болмағанда оның бетін қайтаруды ойлайтын. Бар арманы Ұлы Мұғұл империясының алтын тағын қайта қалпына келтіріп, бабасы Шыңғыстай бір тудың, бір шаңырақтың астына жинау болатын. Әйтсе де мұның бәрі оңай шару емес еді.

1286 жылы Құбылайдың сенімді әрі ұлық әмірлерінің бірі, қаншама жылдан бері қасында бірге жүрген өзінің аталасы, Шыңғысханның кіші інісі Отчигиннің ұрығы Ная әмірші, Құбылайға қарсы астыртын әрекетке көшеді. Қытайды жаулау барысында көрсеткен еңбектері мен адалдығы үшін Құбылай хан оған көптеген қалалары бар бір аймақты еншісіне берген. Осы аумақты билей отырып, өзінің барлық күш-қуатын көтеріп алған Наяның қол астында сол кезде 300 мыңнан аса әскері бар еді. Өзінің күш-қуатына сенген ол, билікке деген ойы өзгеріп, Құбылайға қарсы әскери төңкеріс жасауды ұйымдастырады да, ол үшін өзіне одақтас іздейді. Бұл туралы Марко Поло былай баяндайды: «Құбылайдың Ная есімді бір әміршісі болды. Жасы отыздан асқан жас болса да көптеген қалалар мен аудандарды иемденген аумақтың басқарушысы еді. Ол аумақ бұған 400 мыңдай атты әскер жинауға мүмкіндік берді. Бірақ, оның осы жастық албырт сезімі осыншама биліктің басында тұрған оның ойын өзгертіп, адал болу мен оған деген бағынушылықтан құтылу жөнінде ой салды. 1286 жылы ол қолындағы осы бір үлкен күшке сүйене отырып билікті басып алуға қадам жасайды. Осы мақсатпен ол жасырын түрде өзінің одақтасы әрі қолдаушысы бола алатын Қайду ханға елші жібереді». [11. 80 б].

Осы тұста оған одақтас болатын Қайду ханнан артық жан жоқты, оның үстіне Қайдудың онымен қас екенін де білетін. Сонымен бір түнде Қайдуға елші жібереді. Мұның бұл әрекетін Қайду хан қуана-қуана құп алып, 150 мың әскермен оған көмекке келетінін жеткізеді. Бәрі құпия түрде жасалады. Екі жақ астыртын хаттар алмасып, Ная Қайду ханмен бірігу үшін Шығыс Түркістанға қарай жасырын түрде қозғалады. Бірақ, бұл қылмыстың сырын біліп қойған Құбылай, қолындағы 300 мың әскермен жылдамдата жорыққа шығып, тыным таппастан күні-түні жүріп отырып, бір түнде Наянның ордасын қоршап алады да, оның көзін жояды және осы қастандығы үшін Отчигиннің ұрпақтарының есімдерін тарих бетінен мүлдем сызғызып тастайды. Қайдудың да Құбылайға қарсы ең маңызды қарсылығы болатын және оны Наяның қалың қолы арқылы талқандап, жеңіске жетем деген ұшқыр ойының тас-талқаны шығады. Әйткенмен бұл оны қынжылта қоймады. Өйткені, ол бұл кезде өз алдына жеке мемлекеті бар, ешкімге мұқтаж емес тәуелсіз хандықтың билеушісі еді.

Қайду құрған мемлекет Мауереннаһр, Жетісу, Шығыс Түркістан мен Тарбағатай, Еміл өлкесіне дейінгі кең алқапты қамтыды. Осыншама үлкен территория Қайду империясы деп аталды. Мұның атағы дүркіреп тұрған шағында Шағатай ұлысы деген мүлдем ауызға алынбады. 1271 жылдардан бастап құрылған ұлы мемлекетін өзі өлген 1301 жылға дейін басқарды және аумағын кеңейте отырып, ұлдарына жаңа хандықтың негізін қалап берді. Осы 30 жылдың ішінде  ол Құбылаймен, Құлағумен, ішінара Шағатай ұлысының хандарымен жер аумағы үшін айқасқа түсе отырып, өз мемлекетін биік дәрежеге көтерді. Негізінен, соғыстарының көбісі Құбылаймен өтті. Ол өз өмірінде Құбылаймен ашық шайқасқа 41 рет шығып, соның соңғы 42-ші қақтығысында қатты жараланып, бабасы Шыңғыстың атақонысы болған Қарақорым даласында сол жарақаттан қайтыс болады. Әділдік пен адалдықты, елдік пен теңдікті, еркіндік пен татулықты аңсаған сайын даланың қайтпас-қайсар айбатты жолбарысына айналған тарихтың тағылымды тұлғасы осылайша көз жұмды.  Рашид ад-Дин: «Денесін арулап, он күн жүріп, өзінің ордасы саналатын оңтүстіктегі Іле мен Шу өңіріндегі Шанхорлық аталатын биік тау етегіне жерледі. Бұл жер Тарсакент (Тараз) және Қаралық деп аталатын үлкен екі мекеннен тұрады» [12. 16 б] - деп хабарлайды.


Күйреу мен ыдырау: соңғы серпіліс


Оның жерлеу рәсімі өткесін, ол тұрғызып кеткен мемлекеттің алтын тағына оның үлкен ұлы Чапар (Джафар) отырады. Әкесінің ісін әрі қарай жалғастырған ол Құбылайдың немересі Темір қаһанмен соғысын жалғастыра береді. Чапар Қарақорымда, Барақтың ұлы Дува Амударияда Құлағу балаларымен екі жақтап үздіксіз жорықтар жалғасын тауып тұрады. Бірақ, айбынды Қайду хан кеткен соң, барлық хан ұрықтары бұлардан тайсалмайтын дәрежеде жан-жақтан қыспаққа алады. Чапар Темір қаһаннан жеңіліп, күші әлсірей түседі. Тарихшылардың айтуынша ол әкесі сияқты ақылды, айлакер, көреген болмай шығады. Оның сол бір әлсіздігінен Қайду құрған мемлекет енді жалтақ ұлдай Дуваның тәуелділігіне қарайды. Дува хан осы сәтті пайдалана отырып, қасиетті Қайду ханның ақылға қонар ісін жалғастырғысы келіп, барлық Шыңғыс әулетінің басын қосып, ұлы мұғұл империясын қайта қалпына келтіру жайлы құрылтай өткізуге ұсыныс жасайды. 1304 жылы Ғазан ханның ордасында барлығы бас қосып, өзара татулықпен өмір сүруді қолдайды да, Темір қаһанды ұлы хан деп тануға келісім жасайды. Бірақ, мұның бәрі кейіннен сөз жүзінде қалып қояды. Осы құрылтайдан кейін-ақ сыры белгісіз, құпия жағдайда Шағатай тұқымдары Чапармен әскери қақтығыстарға барады да Чапар жеңіліс табады. Бұған арашашы болған Дува барлығын Ташкент қаласына бас қосуға шақырып істің мән-жайын анықтамақшы болады. Бірақ, артынша тағы да бір белгісіз себептермен Талас даласындағы Шой-Балық деген жерде Чапардың кіші інісі Шаха ханзадаға шабуыл жасалады. Оған Дуваның кейбір әскербасылары да қосылып кетеді де Шаханы талқандап, Тараз қаласын басып алады.  [13. 35 б]

Қайдудың астана қаласы Таразды кіші баласы Шаха иеленіп қалған болатын. Бірақ, осы соғыстан кейін Тараз қаласы олардың қолына өтіп, қаланың болашақ өркендеуінің жолы кесілді деуге болады. Ал бұл кезде Чапар Ертіс пен Алтай таулары жағында Темір қаһанның әскерімен соғысып жатқан болатын. Бірақ, өз әскері арасындағы әмірлер арасынан алауыздық шығып, ол да жеңістің дәмін тату арманынан құр алақан қалады. Қалған-құтқан шамалы жауынгерімен Дуваға келіп тығылады. Айналдырған бес, алты жылдың ішіндегі осы бір оқиғалардан соң Ұлы Қайду мемлекетінің тағы құлап, Шағатай ұлыстарының қолына толыққанды өтеді. Тарихтың сарқылмас сары бітіг көзімен қарасаң Қайду хан ұлысын Дува хан ешқандай қырғын соғыссыз-ақ өз қолына қаратып алады да Шағатай ұлысының негізін қалаушы тұлға ретінде тарих сахнасына шыға келеді. Осылайша Қайду мемлекеті мәңгілікке өшті. 

Тәңірдің нұры түскен бір пендеден кейін тағы бір сондай пенденің өмірге келері тарихи ақиқат екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Мәңгілік ешнәрсе жоқ, болмайды да болмаған да. Қаншама өрелі істің үстінде тұрсаң да өрілмей қалар тірлігіңнің тіршілігін көргенде еріксіз тағдырға бас иетінің рас. Бірақ, пенде өмір емес, өмір пенде емес. Өмір жалғасын тауып жүре берсе, ал пенде өз тарихын сол өмірге айшықтап жазып өмірден өтіп кете береді.

Ұлы хан, ұлы тақтың иегері, ұлы мемлекеттің негізін қалаушы, ұлы жосықты жаңғыртушы, ұлы құрылтайдың себепшісі болған Қайду хан - өз тарихын осылай мәңгілік аспанының астында мәңгілікке жазып кеткен тарихи бірегей тұлғаға айналып қала берді.


Асылжан Дулати

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

тарихшы-деректанушы


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. 1.Инок Магакия «История монголов XIII в (История народа стрелов)». Перевод и объяснение К.П.Патконова. Санкт-Петербург. Типография императорской академии наукъ  1871 г. 10 бет.
  2. 2.Фазлаллах ибн Рузбихан «Записки бухарского гостя» (Михманнама-йи Бухара). (История Казахстана в персидских источниках). Отв. ред. М.Х.Абусейтова; сост: М.Х.Абусейтова. алматы – «Дайк-прес», 2007 г. 144 бет.
  3. 3.Рашид ад-Дин «Сборник летописей» 2-том. Издательство Академии Наук СССР. Москва 1952. Ленинград. Перевод с персидского Л.А.Хетагурова, редакция и примечания проф. А.А.Семенова. 112 бет.
  4. 4.Ю.Р.Почекаев. «Цары ордынские. Биографии ханов и правителей Залотой Орды». «Евразия» Санкт-Петербург. 2012 г. 215 бет.
  5. 5.О.К.Караев «Чагатайский улус. Государство Хайду. Могулистан». Образование кырrызского народа.- Б.: Кыргызстан, 1995 г. 18 бет.
  6. 6.«Муизз ал-Ансаб» (Прославляющее генеологии). Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г,  Отв. ред. А.К.Муминов. перевод с персидского, предисловие, примечания, подготовка факсимиле к изданию Ш.Х.Вохидова. 60 бет.
  7. 7.Рашид ад-Дин «Сборник летописей» 3-том. Издательство Академии Наук СССР. Москва 1952. Ленинград. Перевод с персидского Л.А.Хетагурова, редакция и примечания проф. А.А.Семенова. 71 бет.
  8. 8.Джамал ал-Карши «Ал-мулхакат би-с-сурах». Отв. ред. А.К.Муминов. Введение, перевод с арабско-персидского, комментарии, текст, факсимиле Ш.X.Вохидова, Б.Б.Аминова. Алматы: «Дайк-пресс» 2005 г. 104 бет.
  9. 9.Джамал ал-Карши «Ал-мулхакат би-с-сурах». Отв. ред. А.К.Муминов. Введение, перевод с арабско-персидского, комментарии, текст, факсимиле Ш.X.Вохидова, Б.Б.Аминова. Алматы: «Дайк-пресс» 2005 г. 105 бет.
  10. 10.Джамал ал-Карши «Ал-мулхакат би-с-сурах». Отв. ред. А.К.Муминов. Введение, перевод с арабско-персидского, комментарии, текст, факсимиле Ш.X.Вохидова, Б.Б.Аминова. Алматы: «Дайк-пресс» 2005 г. 106 бет.
  11. 11.Марко Поло «Путешествие в 1286 году по Татари и другим странам востока». Санкт-Петербург. Типография П.П.Меркульева 1873 г. 80 бет.
  12. 12.Рашид ад-Дин «Сборник летописей» 2-том. Издательство Академии Наук СССР. Москва 1952. Ленинград. Перевод с персидского Л.А.Хетагурова, редакция и примечания проф. А.А.Семенова. 16 ст.
  13. 13.О.К.Караев «Чагатайский улус. Государство Хайду. Могулистан». Образование кырrызского народа.- Б.: Кыргызстан, 1995 г. 35 бет.