Фото: travelask.ru
Өз уақытында, Орталық Азия елдерін шапқыншылыққа ұшыратып, қилы заманға түсірген, дәуірі жүріп тұрған кезде күндей күркіреген Жоңғар империясының көшпенділері кейіннен қытайдан қырғын тауып, әупірімдеп аман қалған қалдықтары Алтай тауына барып паналап, сол арада орнығып қалады. Ұзақ ғасырлар көлемінде орыстар бұларды «алтай татарлары» деп атап келген. Алтайлықтар (Ойраттар) Хакас пен Қырғыз тілінің аралық тіліне ұқсайтын, түркі елдерінің қатарына кіреді. (Жалпы, Ресей Федерациясындағы түркілерге: татар мен башқұрт, сондай-ақ, якутпен бірге алтай деп аталатын ойраттар мен хакастар да кіреді.) Қазіргі қасымыздағы қырғыздар да, алтайлық ойраттар да, сонымен қатар, хакас жұрты да өз заманындағы Енесай (Енисей) бойын қатар жайлаған тұтас қанаттас елдер деуге болады. Тағы айтарымыз, Қырғыз бен Ойрат (қазіргі Алтайлықтар) көшпенділері, сонау XIII ғасырдың басынан, қазіргі Тува (Туба) аумағынан бері жылжығандар (Тіпті, елімізбен шекаралас қонған ұйғырлардың өзі де, кезінде Енесай қырғыздарынан күйрей жеңіліп, (Ұйғыр қағанаты) ақтабан шұбырындыға ұшырап, жан сауғалап, қазіргі Шыңжан аумағына көшіп келгендер).
Ойрат - Алтайлықтардың жалпы сенімі (діні) шамандық болғанымен, кейіннен орыстардың бодандығына түскен соң, бұларды күшпен христиан дініне енгізеді.
Сонау 552 жылдары осы Алтай түркілері, яғни, ойраттар өз мемлекетін құрып, астанасын Орхонға көшіреді. XIII ғасырдан бастап, Шыңғыс хан құрған Ұлы түркі қағанатына бағынып, империя құрамына кіреді. Ал, XVII ғасырдың аяғынан бастап, сонау алыс заманда Енесай (Енисей) бойынан Алатау бауырына келіп, қоңыстанған қырғыздың көшпелі тайпаларымен бірігіп, Жоңғар хандығын құрады. Сөйтіп, ойраттар ұланғасыр аумақты жаулап алып, тарихта Жоңғар хандығы аталған империяның негізін қалайды. Дегенмен, осылардың үнемі шапқыншылығынан, тонауынан ызасы шегінен шыққан шүршіттердің бір реткі жойқын жорығынан (Қытайлық генерал Пу Денің армиясынан) кейін, бұл хандық тасталқан болып қыйрайды және елі орасан зор қырғынға ұшырайды.
Егер Жоңғар елі туралы қысқаша айтар болсақ («қалмақ» сөзі, «татар» деген сөз секілді жалпылама атау ғана) ; 1635 жылы осы Ойраттың Батур (Батыр) қонтайшысы негізін құрған Жоңғар хандығы дүниеге келеді. Ол, қазіргі Қазақстанның оңтүстік – шығыс жағына орналасады. 1640 жылы жоңғарлар, яғни, ойраттар «Далалық жарғы» деген атпен әскери және азаматтық заңдар жинағын шығарады. Тағы бір ескертеріміз, осы, құрылған Жоңғар хандығының іргесіндегі қырғыздар да бұларға әскери жасақ ретінде кіріп, қол біріктіреді. Тарихи еңбектерге үңілгенімізде, сол кездегі Жоңғар хандығының сарбаздарының саны жүз мыңнан асып жығылады екен. Олардың алпыс мың жауынгері қоңтайшының тұрақты әскері болған.
Жоңғар хандығы елінің рухани бірлігін қамтамасыз етуде Тибет ламалары да елеулі рөл атқарды.
Алайда ойраттар құрған Жоңғар хандығын қоя тұрып, біз әрі қарай қазіргі Алтайлықтар деп аталған ойрат еліне оралайық.
XVIII – XIX ғасырда Ресей империясының отарлық езгісінде болады. Төңкеріс кезінде, яғни, 1922 жылдары Ресей құрамындағы Ойрат автономиялық облысы болып құрылады. Дегенмен, 1948 жылы бұлар, Ресей құрамындағы Таулы Алтай автономиялық облысы деп аталып, өзгертіледі. 1990 жылы Таулы Алтай автономиясы өз тәуелсіздігін жариялап, Ресей Федерациясы құрамындағы Алтай Республикасы болып құрылады.
Ойрат – Алтайлықтардың дәстүрлі кәсібі: мал бағу, егін салу, сондай-ақ, ұсталықпен айналысады және сырмақ басу, алаша, кілем тоқу, тері илеу, зерлеу бұлардың ата кәсібінің бірі деуге болады. Алтайлықтардың көнеден келе жатқан бай ауыз әдебиеті бар. Оны жырлаушыларды қайшы деп атайды. Осы ауыз әдебиетінің нұсқалары XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қағаз бетіне түсіріле бастады. Кейінгі жылдары осы елдің эпос үлгілерінің жеті томы – «Алтай батырлары» жарық көрді. Сонау, өткен ғасырдың 1922 жылынан бастап ойрат тілінде «Алтайдың чолмоны» (қазақшалағанда «Алтай шолпаны») газеті шығып келеді.
Алтай Республикасы Ресей Федерациясы құрамындағы ұлттық – мемлекеттік құрылым. Жоғары заң шығарушы органы – Әл (Ел) Құрылтай, ол төрт жыл мерзімге сайланатын жиырма жеті депутаттан тұрады. Жоғары атқарушы органы – Үкімет, оны төраға басқарады. Орталығы Таулы Алтай қаласы. Республика аумағы – 92902 шақырым. Халқы – 201,6 мың адамнан тұрады. Ресми тілдері – орыс, қазақ, және ойрат тілдері. Республиканың 31 %пайызы ойраттар, 62% пайызы орыстар, өзгелері қазақтар. Республика он ауданнан тұрады.
Сонымен, сонау бір ғасырларда Жоңғар хандығы деп аталған ауқымды империяның негізін құрған және оның алға қарай өсіп, дамуына мүмкіндігінше тер төгіп, еңбек сіңірген, сондай-ақ, империяны біраз уақыт күндей күркіреп ұстап тұрған, заманында дақпырты алысқа кеткен азулы ойрат тайпасының, кезінде қытайдың қырғынынан аман қалған, кішігірім бөлігі осы – Алтайлық түркілер. Бұлар түркі тілінде өсіп – өніп, тіршілік кешіп жатқан елдің бірі.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі