23 сәу, 2020 сағат 19:18

Алматыны дезинфекциялау мен патрульдеуге тартылған 2 мыңдай әскери экпресс тест тапсырды

Алматы гарнизонының 2000-ға жуық әскери қызметшісі ПТР тест пен коронавирус инфекциясына шұғыл тестілеуден өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскерилер дезинфекциялық жұмыстарға, тосқауыл бекеттерінде кезекшілік атқаруға, сондай-ақ патрульдеуге тартылған. Сəуір айының соңына дейін гарнизонда тағы 1 500 əскери қызметші анализ тапсырады.

Коронавирусты анықтайтын ПТР тест (полимеразды тізбекті реакция әдісі) мұрынның шырышты қабатынан алынған жағынды негізінде жасалады. Алынғаннан кейін нәтиже ДНҚ және РНҚ коронавирус болуына байланысты анықталады. Сондай-ақ, ол вирус жұқтырғаннан кейін анықталады. Экспресс тест әдісімен тексеру үшін саусақтан қан алынады, ол коронавирусқа антидене бар-жоқтығы зерттеледі.

Әскери дәрігерлердің айтуынша, экспресс тест инкубациялық кезең кезінде вирустың бар екендігін көрсетпейді, ал оң нәтиже болған жағдайда қосымша тексеру талап етіледі.

Алматы гарнизонының әскери қызметшілері төтенше жағдай және карантин режимін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларға белсенді қатысады. Әскери қызметшілер Алматыны патрульдеуді жалғастыруда, сондай-ақ полиция және Ұлттық гвардия өкілдерімен бірлесіп күн сайын қаланың кіру және шығу бағыттары бойынша тосқауыл бекеттерде қызмет атқарады.