23 мау, 2020 сағат 14:25

Алматыға өкпені жасанды желдетуге арналған 48 аппарат жеткізіледі

Алматыға жақында өкпені жасанды желдетуге арналған 48 аппарат жеткізіледі. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, өкпені жасанды желдету аппараттарының қала бойынша бар-жоғына және қажеттілігіне талдау жүргізілді.

Алматы медициналық ұйымдарында жалпы 573 ӨЖЖ аппараты бар.

«Бұдан басқа, 2 ай ішінде 18 ӨЖЖ аппараты мен медициналық жедел жәрдем автокөлігіне арналған 20 портативті ӨЖЖ аппараты жеткізіледі. Осылайша, қажет болған жағдайда ӨЖЖ аппараттарын қосымша іске қосу мүмкіндігі бар. Жалпы, бізде қорда коронавирус жұқтырған пациенттерді емдеуге арналған 100-ден астам ӨЖЖ аппараты бар. Бұл жеткілікті», - деді Камалжан Надыров.