28 сәу, 2020 сағат 14:10

Алматыға келген «Теңізшевройл» қызметкерінен коронавирус табылды

Алматыға арнайы бортпен кеше келген «Теңізшевройл» ЖШС жұмыскерінен коронавирус табылды. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде штаб Атыраудан келген қызметкерлерді қабылдау жұмыстарымен айналысуда. Бүгін Теңізден (Теңізшевройл) 200 жұмыскер арнайы бортпен келеді. Оларды карантинге жатқызамыз. ПЦР талдауларын аламыз. Бұл соңғы 5 күнде келген 3-борт болып отыр. Кеше Атыраудан келген қызметкерлердің арасынан бір адамнан вирус табылды. Қазір оны эпидемиолог дәрігерлер қарап жатыр», - деді Ерлан Қожағапанов. 

Айта кету керек, Атырау облысында коронавирус инфекциясы анықталған науқастың бірі «Теңіз» кенішінде жұмыс істегенін хабарлаған болатынбыз. 

Қазір Атырау облысындағы Теңіз кенішінен «Теңізшевройлдың» және өзге де мердігер компаниялардың жұмысшыларын уақытша шығару жалғасып жатыр. 

22 сәуірдегі мәліметке сәйкес, кен орнынан 17 мың адам шығарылады.