18 мау, 2020 сағат 15:50

Алматыдағы шектеулер созылып, блокпостар қойыла ма? – Жандарбек Бекшин

Алматыда өткен онлайн брифинг барысында 20-21 маусымдағы шектеу шараларын қай жағдайда одан әрі жалғасатыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл ахуалды жіті бақылап отырмыз. Егер ауру көрсеткіші тәулігіне 7 %–тен асатын болса, карантин шаралары одан әрі жалғасатын болады», - деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, қазір қалада соңғы 10 күнде ауру көрсеткіші 5% болып тұр. Қала билігі осы көрсеткішті 1%-ке дейін төмендетуді мақсат тұтып отыр.

«Алайда барлық қауіп - симптомсыз науқастардың өсуінде. Сонымен қатар, қаладағы төсек орындардың 95 пайызы толып отыр. Яғни көбейген жағдайда ауруханада орындар жетіспеуі мүмкін», - деді Ж.Бекшин.

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қалаға облыстан кіретіндерге және шығатындарға шектеу болмайтынын айтты.

Онлайн брифинг барысында журналистер қалада блокпостар қойыла ма деген сауал қойған болатын.

«Жоқ. Қала сыртында блокпостар қойылмайды. Тұрғындар қалаға, облысқа емін еркін кіріп шыға алады», - деді Ж.Бекшин.

Айта кету керек, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өткенін жазған едік. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қаралды.