18 сәу, 2020 сағат 16:01

Алматыдағы коронавирус жұқтырғандарға арналған аурухананың 90 пайызы дайын

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 20 сәуірден бастап жұмысын бастағалы отырған бірқатар өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарын аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімі салынып жатқан «Terra» сауда кешені, Наурызбай ауданындағы заңды тұлғаларға арналған ХҚКО, «Hyundai Trans Kazakhstan», АЗТМ және «Алматыэнергосервис» зауыттарын аралап көрді.

Жұмысты қайта бастайтын кәсіпорындардан қызметкерлердің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету талап етіледі. Құрылыс алаңдары мен кәсіпорындарда дезинфекциялау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Кіреберістерде зарарсыздандыру станциялары жабдықталады, сондай-ақ, жұмысшылардың дене қызуы тексерілетін болады. Қолжетімді жерлерде санитайзерлер орналастырылып, жұмыс орындарында және асханаларда қауіпсіз қашықтық қамтамасыз етіледі.

«Қызметкерлердің қауіпсіздігі үнемі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл орындалуы тиіс жұмыстарды тексеретін құрамында санэпидемиологтар мен «Атамекен» ҰКП өкілдері бар комиссияның басты талабы. Құқық бұзушылық орын алған жағдайда жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады. Ал компания қызметін ТЖ режимі аяқталғанға дейін тоқтатамыз», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі тез құрастырылатын модульдік блоктардан тұратын госпиталь құрылысының барысымен танысты. 280 орынға арналған госпиталь провизорлық орталық болады. 

Онда байланыста болғандар мен СОVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдар жатады. Нысан 90%-ға дайын. Қазіргі уақытта персонал іріктеліп, жабдықтар жинақталып жатыр.