25 мау, 2020 сағат 08:20

Алматыда жедел-жәрдем қызметін шықырту не себепті артқаны түсіндірілді

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров қалада жедел-жәрдем қызметіне қоңырау шалу саны екі есе артқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Эпидемия басталғаннан бері қалада жалпы 3 530 жағдай тіркелді. 2 178 адам сауығып, емделіп шықты. Қайтыс болғандар саны - 23. Бүгінде қала стационарларында 1 398 науқас ем алып жатыр. Ауырлық дәрежесі бойынша өте ауыр хәлде 19 адам, ауыр дәрежеде - 173, орташа дәрежеде - 1044 және қанағаттанарлық жағдайда 162 адам тіркеліп отыр», - деді К. Надыров Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз қызметінде. 

Осы орайда ол қала бойынша стационарлар мен алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсету ұйымдарында медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстары толыққанды жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

«Тек өткен аптада ауруханаларға жатқызу мен жедел-жәрдем қызметіне қоңырау шалу саны екі есе артқан болатын. Науқастар санының өсуі себебін қант диабеті, жүрек аурулары артериалды гипертензия сияқты аурулары бар пациенттердің көбеюімен байланысты деген қорытындыға келіп отырмыз. Сондай-ақ, аурудың ауырлығы мен пациенттердің жас арасындағы байланыс анық байқалады, яғни жай-күйі ауыр және өте ауыр пациенттер арасында 80 пайыздан астамын 60 жастан асқан адамдар құрайды», - деді басқарма басшысы. 

Талдау нәтижелері бойынша 20-29 жас аралығындағы адамдар жиі жұқтыратынын көрсетіп отыр, оларға ауруға шалдығу жағдайларының 35 пайызы тиесілі. Ал 60 жастан асқан адамдар арасында инфекция жұқтыру көрсеткіші 8,8 пайыз деңгейінде. 

Оның сөзіне қарағанда, жалпы динамикада дерттің ауыр және өте ауыр дәрежеде өтіп жатқан науқастардың көбеюі байқалады.