Фото: Ult.kz.
Бүгін Алматыда көрнекті қазақ жазушысы және журналисі Еркінбай Әкімқұловқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Аталған шараға жазушының жақындары мен зиялы қауым өкілдері, қалалық әкімдік қызметкерлері мен журналистер жиналды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жазушы Қасымхан Бегманов Еркінбай Әкімқұловтың жауапты қызметтермен қатар, шығармашылығын да шыңдай жүргенін айта келе, зейнетке шыққан соң біржолата шығармашылық еңбекпен айналысқанын атап өтіп.
«Еркінбай ағамыз 52 жыл бірге тұрған Гүлнар жеңгемізбен Құралай, Құрман, Нұрлан есімді ұл-қызды тәрбиелеп, орларға жоғары білім беріп, осы перзенттерінен төрт немере, үш шөбере сүйген бақытты әке болды.
Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы қыркүйектің төртінші жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында дүниеге келіп, 2019 жылдың 19 тамызында Алматы қаласында дүниеден өтті.
Еркінбай Әкімқұлов 1969 жылдан бастап республикалық баспасөздерден көріне бастады. Жазушының әртүрлі жанрда жазылған 20-дан астам прозалық кітаптары жарық көрді. Кезінде «Жанарым жарық дүнием», «Қыз күнделігі», «Қош бол, альбом», «Құрман ата», «Перизат сезім» және т.б әдеби шығармалы қалың оқырманның жүрегінен жол тауып өте жылы қабылданды. Еркінбай Әкімқұлов жазушы ғана емес, аудармашы ретінде де шетел әдебиетінің классикалық шығармаларын аударды», - жазушы Қасымхан Бегманов.
Бегмановтың сөзінше, жазушы Әкімқұлов әйгілі поляк жазушысы Корчактың «Қайта оралған балалық» повесін мен татар жазушысы Мұстафиннің «Кішкентай Мұса» совесін қазақша сөйлетсе, сонымен қатар өзінің екі кітабы орыс тілінде жарық көргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Еркінбай Әкімқұлов драмматургия жанрында да жемісті еңбек еткен. Ескерткіш тақтаның ашылуында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов алдымен Алматы қаласының әкімдігіне алғыс айта отырып, бұл жазушылар шаһары екенін мақтанышпен жеткізді.
«Ең бірінші біз Алматы қаласының әкімдігіне рақмет айтамыз. Өйткені әкімдік биыл біздің бес жазушымызға осындай тақта ашуға мүмкіндік беріп, Жазушылар одағының өтінішін орындады. Қазақтың ақын-жазушылары ауылда туып, Алматыға келеді. 1934 Жазушылар одағы құрылғаннан бері қазақтың болашақ жазушыларының Алматыға келмегені жоқ. Олар осы Алматының ішінде пәтерден пәтерге көшіп жүріп, өзінің шығармашылық шаруасымен айналысқан. Мына Төлебаев көшесі, Абай мен Шевченко көшелері біздің жазушыларымыздың тұрған жерлері. Сондықтан біз үшін бұл жердің бәрі қасиетті болып есептеледі. М.Әуезов музей үйінің дәл түбінде біздің Еркінбек ағамызда ұзақ жылдар тұрып, жұмыс істеген. Ол өте байсалды, сыпайы, ешкімнің бетіне жел болып тимейтін тақуа адам болатын. Сондықтан оның шығармашылығы самалдың лебіндей лирикалық дүниеде жазылатын. Еркінбай Әлімқұлов қазақ әдебиетіне бір кісідей еңбек сіңірді», - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Осы орайда сөз алған Алматы қаласы, Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та Жазушылар одағымен бірлесе жұмыс істей беретінін, зиялы қауымның еңбегін болашақ ұрпаққа насихаттау міндетін сөз етті.
«Бүгін қала басшысы Ерболат Досаевтың атынан сіздерге, ағамыздың әулетіне алғысын жеткізгім келеді. Еркінбай ағамыздың жасап кеткен жұмысы қайта жаңғыртып, өзі тұрған үйге мемориалды тақта орнату күні бүгін тарих беттеріне жазылып жатыр. Сіздерді бүгінгі айтулы күнмен, оның ұрпағына, жазушының көзін көрген ағаларымызға, барлығына осы қуанышпен бөлісуге келдік. Мағыналы өмір ешқашан өлмейді, Еркінбай ағамыз мағыналы өмір сүрген азаматтардан еді. Ұрпағымен мақтанатын, ұрпағымен елдің алдында ағамыздың тегі өшпегенін көріп отырмыз. Осы жазылған кітаптары, жасалған еңбектері ұмытылмайды. Алматының кіндігі Төлебаев көшесінде ағамыздың есімі жарқырап ілініп тұратын болады. Жазушының еңбектері тарих беттерінде мәңгілік сақталып қалады», - деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Ал М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов жазушының таңдырлы екенін айта келе, оның өмірімен тұспа-тұс келген тарихи кезеңдерді сөз етті.
«Еркінбай аға туралы айтқан кезде, бір мәселені баса айтқан жөн ғой деп ойлаймын. Бұл кісі тағдырлы жазушы. Жазушы болу үшін оған күрделі тағдыр болу керек деген тәмсіл сөз бар. Бұл кісінің туған жылы 1937 жыл, Қазақстанда атақты нәубәт болып жатқан кез. Қуын-сүргінге ұшырап жатқан кез. Ел аш-жалаңаш кез. Міне осы кезде дүниеге келген. Ал балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде бар-жоғы 4-5 жастағы бала. Балалық шағы соғыстың өртіне өртенді. Одан кейінгі, соғыстан кейінгі жағдайды да білесіздер. Жастық шағы соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы тағы да ауыр жылдарға тап болған. Міне, осы тағдырға қарамай, ағысқа қарсы жүзе отырып, өзінің тағдырын өзі жасаған жазушы», - деді Кенжехан Матыжанов.
Осыдан кейін Еркінбай Әкімқұловқа арналған мемориалдық тақтаның ақ лентасы төмен түсіріліп, ашылу салтанаты жасалды. Ескерткішке гүл шақтары қойылып, артынша жазушының ұрпақтары жайған ақ дастарқанға жалғасып, құран бағышталды.
Еркінбай Әкімқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, түрлі жанрдағы 20-дан астам көркем шығарманың авторы. Олардың қатарында «Өзбекәлі Жәнібеков» өмірбаяндық романы, 2013 жылы Қазақстан Жазушылар одағы ҚР мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» роман-эссесі бар. Е.Әкімқұловтың аудармашылық тәжірибесі бар, радио мен театрға бірнеше пьесалар жазған.
Е.Әкімқұлов еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде тілші болып бастаған, кейін Алматы қалалық партия комитетінде, «Жалын», «Жазушы», «Рауан» баспаларында, «Кітап» жаршысы» («Друг читателя») газетінде жауапты қызметтер атқарған.