Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында 80 бала бар. Оның біреуі - жаңа туған нәресте болса, екеуі - жасқа толмаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтып берді.
«Бір жасқа дейінгі екі бала Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрады. Ал жаңа туған нәресте - Алматы облысында тіркелді. Бала мен ана перзентханадан шыққан соң, бірге тұратын туысынан инфекция жұқтырған. Науқаспен байланыста болғандар ретінде тексеруге алынып, кішкентай шақалақтың да ауру жұқтырғаны анықталды. Қазіргі уақытта ананың да, баланың да жағдайы қанағаттанарлық», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, инфекция жұқтырған балалардың 80 пайызында, яғни 63 балада ауру жеңіл өтіп, еш симптом білінбеді. 17 балада дене қызуы мен белгілі бір интоксикация байқалған.
Әзірге екі бала ауруханадан шығарылып, үй карантинінде жатыр.