02 мам, 2025 сағат 12:32

Алматыда ұзындығы 1704 метр болатын лағман әзірленіп, Қазақстан рекорды орнатылды

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстан халқының бірлігі күні Алматы қаласының Жетісу ауданында ерекше шара өтті. Айнабұлақ шағын ауданындағы №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ел тарихындағы ең ұзын лағман – 1704 метр әзірленіп, бұл көрсеткіш ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына тіркелді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл жетістік жай ғана аспаздық шара емес, көпұлтты қоғамдағы бірлік пен татулықтың нағыз символына айналды. Дайындау үшін 19 келі ұн қолданылып, 50-ден астам қатысушы – аспаздар мен аудан тұрғындарының бірлескен еңбегімен тағам небәрі екі сағатта дайындалды. Әртүрлі ұлт өкілдері бір дастарқанның басында бірігіп, қазақстандықтардың бірлігін паш етті.

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сабитұлы:

«Лағманның ұзындығы қанша метр болғанына қарамастан, рекорд орнатылды. Өйткені елімізде мұндай шара алғаш рет өтіп отыр. Біз тек қамырдың ұзындығын ғана емес, сонымен қатар ұлтаралық байланыстардың беріктігін де тіркедік», – деп атап өтті.


Бұл күні бір дастарқан басында қазақтар, ұйғырлар, өзбектер, дүнгендер, корейлер және басқа да ұлт өкілдері бас қосты. Бірі қамыр илесе, бірі оны жайды. Бұл қатысушылар үшін үлкен мерекеге айналып, әркім өзін үлкен тату отбасының мүшесі сезінді.

Жетісу ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова:

«Қатысушыларға қамырды үзбей дайындау оңай болған жоқ. Бірақ біздің аспаздар бұл тапсырманы керемет орындап шықты», – деді.


 

Аспаздық шараға қатысушылардың бірі Зухра Измасова әсерімен бөлісті:

«Лағманның ұзындығы тым ұзын болғандықтан, жұмыс біршама қиын болды. Бірақ күрделі міндеттер әрқашан қызық әрі ерекше», – деп мойындады ол.


Сонымен қатар, Жетісу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкірова шараның Еңбек мамандықтары жылы аясында өтіп жатқанын атап өтті:

«Жетісу ауданында қоғамдық тамақтану орындары өте көп шоғырланған. Бүгін шығыс асханасының аспаздары өз шеберлігін көрсетті. Мұндай ерекше тағам дайындау – нағыз өнер. Біз еңбек мамандықтарын лайықты бағалауымыз керек», – деді ол.


Шараны Жетісу ауданы тұрғындары мен этномәдени орталықтары Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырды. Аудан әкімдігі атап өткендей, лағман жай ғана дәмді тағам емес, ол ортақ мәдени естеліктің, дәстүрдің, тарихтың және болашақтың символына айналды.