20 мам, 2020 сағат 19:20

Алматыда үш жүргізуші түнгі дрифт үшін жауапқа тартылды

Алматыда жанармай бекетінде дрифт жасаған үш жігіт жауапқа тартылды.

Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарауынша, әлеуметтік желілерді бақылау барысында жастардың жиналып алып дрифт жасағаны анықталды. Олардың бұл әрекеттері заңсыз болып табылады. Сондай-ақ, олар тұрғындардың наразылығын тудырды. 

«Бейнежазбаны зерттеп, біз қатысушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Кейбір жастардың көлік жүргізуді және экстремалды болуды қалайтыны түсінікті. Бұл әрекеттері ешқандай жағдайда ҚР заңдарына қайшы келмеуі керек. Сонымен қатар, әрекет арнайы бөлінген жерде емес, адамдар көп болатын жанармай бекетінің аумағында өтті. Жүргізуші өзінің көлігінің ептілігі және дрифтімен көпшіліктің назарын аударғысы келді. Алайда, құқық бұзушы бір нәрсе дұрыс болмай қалса, оның салдары қандай болатынын ескермейді. Мысалы, егер дрифт кезінде автокөлік адамдар тұрған бағытқа қарай қозғалып кетсе немесе көлік қозғалтқыштың қызып кетуіне байланысты өрт болып кетсе, оның үстіне жанармай бекетінде. Дөңгелектің астынан ұшқан таста біреудің көзіне түсуі мүмкін, ал бұл асфальт бетіне зақым келтіреді, осының өзі әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров.

Сонымен 1997 жылы туған Ш., 1999 жылғы М. және 1997 жылғы Ч. есімді жас жігіттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 630-бабы 1- бөліміне (жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру ) сәйкес жауапкершілікке тартылды. Жол ережесін қатаң сақтау туралы жастармен түсіндіру әңгімесі өткізілді. Бұл аймақ ерекше бақылауға алынды.

Айта кетейік, Алматыда түнде сауық-сайран құрған жастардың видеосы kris_p_almaty Instagram парақшасында пайда болды. Онда жастардың арнайы костюмдер киіп алып билеп жүргендерін де көруге болады.