23 жел, 2020 сағат 16:40

Алматыда тапаншадан оқ атқан ер адам ұсталды

Алматыда «Алматы біздікі» деп айғайлап тапаншадан оқ атқан адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Белгісіз біреулердің аспанға оқ атып, айғайлағандағы видеосы әлеуметтік желіге тарады. Бұл көпшіліктің наразылығын тудырды.

«Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел түрде Розыбакиев көшесінің бойында салынып жатқан нысандардың бірінің аумағында тұрған Қызылорда облысының тұрғыны, 1996 жылы туған М. атты азаматты анықтап, ұстады. 

«М. мырзаның осы мекемеде сантехник болып жұмыс істейтіндігі белгілі болды. Оның қолында травматикалық тапанша болған, ол күдіктінің тұрғылықты жерінен табылып, тәркіленді. Күдіктінің айтуынша, бұның себебі - әлеуметтік желілерде танымал болуға деген ұмтылыс. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 287 бабы бойынша тіркелді. Тергеу жүріп жатыр», - деді, Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Думан Аухадиев.

Өз кезегінде, ұсталған жігіт көпшіліктен кешірім сұрады. 

«Мен өз кінәмді мойындаймын, менің іс-әрекетім заңға қайшы екенін білмедім, өз кінәмді мойындай отырып, мен қазақстандықтардан кешірім сұрағым келеді. Мені кешіріңдер», – деді ол.