29 сәу, 2020 сағат 08:46

Алматыда тағы 6 пациент коронавирустан жазылып, үйіне оралды

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 919 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеше 43 жаңа жағдай анықталды. Оның барлығы - вирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар. 

Олардың ішінде ең егдесі - 76 жаста, ең кішкентайы - 2 жаста. 

Бүгінде коронавирус инфекциясынан тағы 6 пациент сауығып шықты.

Осыған дейін мегаполисте 102 адам жазылып шыққан.

Оның бірі - 30 наурызда Ыстамбұл – Куала-Лумпур – Алматы рейсімен ұшып келген 24 жастағы қыз. Ұшып келген соң стационарға карантинге орналастырылды. Бірінші тест теріс нәтиже көрсеткен, 10 сәуірдегісі оң нәтиже көрсеткен. Емдеу 18 күн ішінде жеңіл өтті.

Екіншісі - 16 наурызда круиз лайнерімен келген 67 жастағы әйел. Келген соң карантинде болды, бірінші тест вирусты көрсетпесе, 28 наурызда расталды.

Пациенттің сырқаты ауыр түрде өтті. Екіжақты полисегментарлы пневмониямен 31 күн емделген. Соңғы рет жасалған рентгенінде пневмония табылмаған. 

Үшіншісі - №11 қалалық емхананың 38 жастағы медицина қызметкері жеңіл түрде 17 күн емделіп шықты.

Төртіншісі - 26 наурызда Мәскеуден ұшып келген 57 жастағы әйел. Келген соң стационарға карантинге орналастырылды. 27 наурыздағы тест оң нәтиже көрсетті. 32 күн орташа ауыр жағдайда сол жақ төменгі үлестік бронх пневмониясынан емделіп шықты.

Бесіншісі - 38 жастағы Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасынан ауыстырылған әйел. Алматы облысының тұрғыны. Сырқаты ауыр өтті. Екі жақты полисегментарлы пневмониядан 32 күн емделді. 

Алтыншысы - жүктіліктің 6-шы аптасындағы 33 жастағы әйел.

Барлық жазылып шыққан пациенттер 14 күн үй карантинінде болады.

Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда коронавирустан 809 пациент емделуде.

Оның үшеуінің жай-күйі - аса ауыр, 26 адамда – ауыр, 228 адамда – орташа ауыр және қалғандарының жағдайы бірқалыпты деп бағаланып отыр.

Үш пациент тыныс алуы қиындауына байланысты өкпені жасанды желдету аппаратында, оның екеуі аса ауыр және біреуі ауыр халде.

Провизорлық госпитальдарда 426 адам жатыр, оның ішінде15-і - бала, карантиндік оқшаулауда - 304 адам, үй карантинінде - 11694 адам бар.