Алматыда соңғы 2 тәулікте 51 адам коронавирустан емделіп шығарылды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма басшысы осы уақытқа дейін Алматыда коронавирустық инфекциядан 210 адам сауығып емдеуден шығарылғанын айтты.
«Кеше және бүгін стационарлардан 51 адам емдеуден шығарылды. Оның 28-і адам вирусы бар науқаспен байланыста болғандар және 23-і медицина қызметкері. Президенттің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді», - деді Т.Әбілдаев.
Бүгінде Алматыда 1940 төсек-орынға арналған 9 жұқпалы стационар жұмыс істейді, провизорлық емдеуге жатқызу үшін 909 төсек-орынға арналған 12 стационар, карантиндік емдеуге жатқызу үшін 1392 төсек-орынға арналған 9 стационар белгіленді.
Барлық қалалық жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханаларда бөлмелерді «таза» және жұқтырылған аймақтарға бөлу қағидаты сақталады. Барлық медициналық мекемелерде желдету және бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Жауапты қызметкерлер медицина қызметкерлерінің жеке қорғану құралдарын дұрыс кию хаттамасын сақтауын қадағалайды.
Жеке қорғаныс құралдарын кию алгоритмін сақтау бойынша тұрақты сабақтар өткізіліп жатыр.