22 сәу, 2020 сағат 16:22

Алматыда санитарлық дәрігерлер жаппай тестілеуден өтіп жатыр

Алматыда бұрынғы вице-министр Камалжан Надыровпен байланыста болған санитарлық дәрігерлер коронавирусқа жаппай тестілеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, бүгін қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері тест тапсырды.

«ҚР ДСМ бұйрығымен министрлік қызметкерлері өңірлерге жіберілген болатын. Оның ішінде вице-министр қызметін атқарған Камалжан Надыров Қарағанды облысы арқылы Жамбыл, Алматы облыстарына келген. Алматыда бір күн болған. Алгоритм бойынша онымен байланыста болған Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің барлық қызметкері тестілеуден өтті. Нәтижесін күтіп отырмыз», - деді Жандарбек Бекшин.

Айта кету керек, ҚР ДСМ вице-министрі қызметінен босаған күні Камалжан Надыровта коронавирус инфекцясы бары анықталды. 

ҚР ДСМ ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, қазір оның жағдайы қанағаттанарлық.