24 сәу, 2020 сағат 15:38

Алматыда пәтер жалдап тұратындарға коммуналдық өтемақы төленбейді

Коммуналдық қызметтердің өтемақысын алу үшін call-орталыққа 20 мыңнан астам алматылық жүгінген. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық энергетикалық тиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласы Әнерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаевтың айтуынша, соңғы үш күнде call-орталыққа 20 520 адам коммуналдық өтемақы мәселесімен қоңырау шалған. 

«Бірінші күні 17 оператор жұмыс істеді. Кеше олардың санын 40 адамға дейін көбейттік, алдағы демалыс күндері тағы 30 оператор қосамыз. Өйткені, жауап беріп үлгере алмай жатырмыз. Соңғы 3 күнде 20 520 адам қоңырау шалған. Оның ішінде 4073 өтінішті қарадық, тек 2011 адамның өтініші мақұлданды» – деді Әсет Масабаев.

Оның айтуынша, өтініш бергендердің көпшілігі ҚР Индустрия министрлігі бекіткен санатқа жатпайды. 

«ТЖ кезіндегі ҚР президенті жанындағы комиссиямен бекітілген ережеге сай коммуналдық өтемақы тек мына санатқа жататындарға беріледі: 1-3 топ мүгедектеріне, мүгедек баласын асырап отырғандарға, көпбалалы отбасы, соғыс ардагерлері, мемлекетік қызметте немесе қоғамдық міндетін атқару барысында қаза тапқандардың отбасылары және ең төменгі деңгейде зейнетақы алатындарға. Хабарласқандардың көпшілігі пәтерді жалдап тұратынын және қандай көмек болатынын сұрап жатыр. Дегенмен, комиссиямен бекітілген тәртіпке сай мұндай адамдардың коммуналдық төлемі өтелмейді. Яғни, жалдап тұрып жатқандарға мұндай көмек жасалмайды, көрсетілген санатқа кіретіндердің өз дербес шоты болу керек», - деді ол.