09 мау, 2020 сағат 13:46

Алматыда крематорий қашан салынады - әкімдік түсінік берді

Алматы әкімдігі қалада крематорий құрылысы қашан басталатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұған дейін Алматы әкімдігі патологоанатомиялық бюро (мәйітхана) мен крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді жоспарлаған болатын. Алайда, жеткілікті қаржы болмағандықтан, крематорий құрылысы кейінге қалдырылды. Ал 9 сәуірде Үкіметтің №187 Қаулысымен крематорий құрылысына қаражат бөлу туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды. Құжаттама жасалып, оң сараптамалық қорытынды шыққаннан кейін нысанның құрылысы қарастырылады.

Еске салайық, Алматы әкімдігі крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялаған болатын.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, крематорий бір залдан және екі пештен тұрады. Жоба құжаттамасын әзірлеуге 46,8 млн теңге бөлінген. Тапсырыс беруші – «Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.