17 сәу, 2020 сағат 10:18

Алматыда босанған науқас әйелдің нәрестесінен коронавирус табылмады

Алматыда Covid-19 жұқтырған жүкті әйел дені сау баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жүктіліктің 39-аптасындағы әйел науқаспен байланыста болған адам ретінде Орталық клиникалық қалалық ауруханаға 13 сәуірде жеткізілген. 

Талдау нәтижесінде оның коронавирус жұқтырғаны расталды. 15 сәуірде дәрігерлер кесарь тірлігімен әйелді босандырған.

Дүниеге салмағы 3,5 келі ұл бала келді. Бұл әйелдің екінші баласы екен.

«Баладан шұғыл түрде анализ алынды. Нәтижесінде вирус жұқтырмағаны анықталды. Қазір нәресте балалар бөлімінде жатыр», - деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Баланың анасының жағдайы жақсы. Жақында инфекциялық ауруханаға ауыстырылады. Дәрігерлер анасы жазылғаннан кейін ғана баласын бермек.

Бұған дейін Қызылорда облысында да коронавирус жұққан әйел босанып, жаңа туған нәрестеден вирус табылмаған. 

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 1280 адам вирус жұқтырған. 285 адам дерттен айыққан. 17 адам қайтыс болған.