05 мам, 2020 сағат 16:15

Алматыда коронавирустың барлық ошағы оқшауланды

Алматыда коронавирустың барлық ошағы оқшауланды. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг барысында айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматыда қазіргі уақытта 1353 жағдай тіркелді. Сәуір айында коронавирустық инфекцияның жұқтыру деңгейі тәулігіне 6%-дан аспағандықтан, қалада кәсіпорындар мен мекемелер кезең-кезеңмен іске қосылып жатыр. Карантиннен шығу үшін Алматыда індет жұқтырғандарды белсенді анықтау мақсатында жаппай тестілеу басталды»,– деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, қаладағы пациенттердің нақты саны мегаполис тұрғындарының жалпы санының 0,06% құрайды.

«Халықты кеңінен қамту аурудың симптомсыз жағдайларын және жұқтыру ошағының аймағын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда барлық ошақтар оқшауланды. Оның ішінде Орталық қалалық клиникалық аурухана да бар. Инфекцияның тізбегін үзу үшін күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізілуде», - дейді қаланың бас санитар дәрігері.