23 сәу, 2020 сағат 09:35

Алматыда коронавирустан тағы 1 адам көз жұмды

23 сәуірде күндізгі сағат 11:30-да Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласында коронавирустан бір науқастың көз жұмғанын хабарлады. Науқас 1964 жылы туған. 

Ол бірнеше созылмалы ауру түрімен ауырған: бүйрек, анемия, қант диабеті, полисегментті пневмония, хронодиализ. 22 сәуірде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 

"Инвазивті емес жасанды тыныс алу тиімсіз болғандықтан 22 сәуірде инвазивті өкпені жасанды тыныс алу аппаратына ауыстырылды. Бұған қоса, бағдарламалық гемодиализ сеансынан өтті. Емге қарамастан "полиорган жетіспеушілік" белгілері байқалып, таңғы сағат 6:30-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық іс-шаралар нәтиже берген жоқ. Сағат 7.00-де дәрігерлер науқастың қайтыс болғанын анықтады" делінген хабарламада.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 20 науқас қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігінде созылмалы аурулар болған.

Ал, Алматы қаласында вирус алты адамның өмірін жалмаған. Қалада вирус жұқтырғандар саны 735-ке жетті. Бұл - республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. 

Мегаполисте 19 наурыздан бері карантин жарияланған.