18 мам, 2020 сағат 16:08

Алматыда коронавирустан бір науқас қайтыс болды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 18 мамырдағы мәліметіне сай, Алматыда 1961 жылы туған әйел адам COVID-19 дертінен қайтыс болды. 

Министрлік жанындағы өлім-жітімді зерттейтін арнайы комиссия тұрғынның өліміне "коронавирус инфекциясы себеп болған" деген шешім қабылдаған. Марқұм жайлы өзге деректер әзірге жарияланған жоқ.

Коронавирустан Алматы қаласында осымен он адам қайтыс болды.

Мегаполис вирус жұқтырғандар (1848), емделіп шыққандар (930) және қайтыс болғандар саны бойынша ел бойынша алдыңғы орында тұр. 

Ал елде вирустан барлығы 35 адам көз жұмды. 6440 адам вирус жұқтырды. 3469 адам емделіп шықты. 

Вирустан көз жұмған 35 адам мына аймақтарда:

  • Алматы қаласы – 10
  • Шымкент қаласы – 6
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 5
  • Ақмола облысы – 4
  • Қарағанды облысы – 3
  • Павлодар облысы – 2
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1
  • Жамбыл облысы – 1
  • Қостанай облысы – 1
  • Маңғыстау облысы – 1
  • Түркістан облысы – 1