Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтыруға қатысты расталған 1 622 жағдай тіркелді.
«Мегаполисте коронавирус инфекциясын жаңадан жұқтырған 39 адам анықталды. Кеше 13 және бүгін 26 жағдай белгілі болды. Барлығы провизорлық госпитальда жатқан карантиндегі адамдар. Бұған дейін олар вирус жұқтырған науқастармен байланыста болған.Соңғы күндері Covid-19 вирусына оң нәтижелер тек карантиндегі адамдардан анықталды. Жаңа жұқтыру ошақтары жоқ», – деп хабарлады қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Стационарлардағы Covid-19 вирусы бар 33 емделушінің жай-күйі – ауыр, 237 адамда – ауырлықтың орташа дәрежесінде және қалған науқастарда симптомсыз жеңіл түрде өтуде.
Стационарларда коронавирус инфекциясынан 1 145 адам, провизорлық госпитальдарда 404 азамат емделуде, карантинде – 329 адам және үйде оқшауланудағы 15 327 тұрғын бар.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында ӨЖЖ аппаратымен емделіп жатқандардың арасында жағдайы аса ауыр дәрежедегі науқас жоқ.
Бүгінгі күні Алматыда коронавирус індеті бойынша жағдай тұрақталды.
«Алматыда аталған вирустан емделіп жатқан адамдардың басым көпшілігінде, дәлірек айтқанда науқастардың 77%-да бұл сырқат жеңіл түрде өтіп жатқанын, яғни халықаралық тәжірибеге сәйкес олар емдеуді қажет етпейтіндігін және вирусты тікелей тасымалдаушы екендігін естеріңізге саламыз. Бұл емделушілерге қатысты, егер үйдегі карантинге оларда тиісті жағдайлар жасалған болса, онда оларды үй карантиніне жіберу мәселесі қаралатын болады, егер тиісті жағдай жасалмаған болса, онда карантиндік стационарларда болады. Мысалы, қазіргі уақытта Алматыда ауруы жеңіл түрде жүріп жатқан 68 медицина қызметкері үй жағдайында өзін-өзі оқшаулау арқылы емделуін аяқтауға ауруханадан шығарылған», - деп атап өтті басқарманың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, симптомсыз тасымалдаушыларда коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда, пациент клиникалық тексеруден өтіп, 3 күн бойы бақылауда болады және емдеуге жатқызылады, содан кейін ғана үй карантиніне жіберілетіндігін ескеру қажет.
Кеше коронавирус инфекциясынан сауығып, 38 адам емдеуден шығарылды.
Мегаполисте жалпы вирус жұқтырғандар ішінен сауығып шыққан емделушілер саны бүгінгі күні 29 пайыз. Ал үй карантиніне шығарылғандарды есепке алғанда 33 пайызға жетті.